Халықтық штаб өкілдері АЭС қажеттілігін түсіндірді
АЭС бізге не үшін қажет? АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Астанада спорт кешендеріне қызмет көрсету компаниясының жұмысшыларымен кездесті.
Парламент депутаттарының сөзінше, халық саны өскен сайын электр қуатына деген сұраныс арта береді. Ал Қазақстан уран өндіруден әлемде 1-ші орында бола тұра сырттан энергия сатып алуы ақылға сыймайды. Оның үстіне біздегі қуат көздерінің біразы тұрақсыз. Ал жылу электр станцияларының 70%-і тозған. Осының бәрін ескерсек, келешекте өндіріс тұрмақ, елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету мұң болуы мүмкін, - дейді депутаттар.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жазда мен «Астана РЭКта» кездесу өткіздім. Энергетиктер көтерген мәселелердің ішінде шынымен де Астана қаласының өзінде энергетикалық тапшылық, сұраныс өте жоғары. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді толыққанды электрмен қамтамасыз етуге бірдей мүмкіндік бола бермейді.
Мұнан соң штаб мүшелері №79 мектептің ұстаздарымен кездесті. Мұнда штаб мүшелері АЭС-тың қажеттілігін әлеуметтік тұрғыдан түсіндірді. Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің сөзінше, бүгінде ел халқының жартысы оңтүстік аймақтарда тұрады. Аталған өңірде жұмыссыздық жылдан жылға өршіп барады. Ал Үкімет онда ірі зауыт, фабрикаларды салайын десе, электр энергиясы тапшы.