Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысына барды
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері Абай облысына барды. Олар ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызметтер мен білім беру саласы еңбеккерлерімен кездесулер өткізді. Сарапшы мамандар елордамызда да еңбек ұжымдарымен кездесіп, атом энергиясына қатысты өз ойларын ортаға салып жатыр.
500-ге жуық Ядролық сынақты бастан кешкен Абай өлкесі үшін бейбіт атомның маңызы зор. Семей шаһарындағы коммуналдық мекемелердің еңбек ұжымдары Сенат төрағасымен кездесіп, көкейдегі сұрақтарын қоя алды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен және ғасырдан артық тарихы бар педагогикалық колледжге келіп, білім беру саласының мамандарымен жүздесті. Кездесулерде Сенат Төрағасы экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса мән берді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Референдум өткізу туралы бастаманы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымының жүзеге асуының нақты нышаны деп ауыз толтырып айта аламыз. Семей өңірі де, осы қастерлі мекен бұл бастаманы қолдап, 6 қазан күні өздерінің дауыстарын береді деп сенеміз.
Ал Астана төрінде арнайы акция. Атом өнеркәсібі саласы еңбеккерлерінің күніне орайластырылған көрнекі шара ұйымдастырылды.
Ерік Базарбаев, ядролық инженерия саласының сарапшысы:
- 400 кг көміріңіз жағылғанда 1000 кг көмірқышқыл газын бөледі. Ал сонымен салыстырып отырған біздің атом энергетикасы 4,5 грамм тура соншама энергияны 20 грамм көмірқышқыл газын бөлуімен тең. Сонда 1000 кг мен 20 граммды салыстырсаңыз, айырмашылығын сезесіз.
Софья Курий, Атом индустриясын дамыту қауымдастығының халықаралық ықпалдастық жөніндегі менеджері:
- Акция ауа райының қолайлығына қарай әлі бір аптаға созылады. Орталық саябаққа қала тұрғындары көбірек келетіндіктен, барынша көп адам көрсе дейміз. Себебі атомның пайдасы туралы көп айтылып жатыр, ал мына жерде сандар мен көрнекілік сөйлейді. Біздіңше бұл анағұрлым өтімді.
Бұл ретте эколог мамандар да ой бөлісуде. Мәселен, «Байтақ» партиясының белсенділері біздегі көмірмен істейтін жылу электр стансаларынан келетін зиянды есептеп қойыпты.
Азамат Аябергенов, «Байтақ» жасылдар партиясы төрағасының кеңесшісі:
- Бүгінде елімізде сұйық отынды жағудан бөлінетін зиянды заттар 1 млн тоннаға, ал көмірден ауаға шығып жатқан көмірқышқыл газы 100 млн тоннаға дейін жетеді. Атом электр станциясынан бөлінетін қалдық көмірмен салыстырғанда 135, газбен салыстырғанда 73 есе аз. Яғни атом энергиясы қоршаған ортаны орасан зор ластанудан қорғайды.
Бейбіт атомды игілікке жарату жақсы. Тек маман жеткілікті ме? Бүгінде еліміздің 4 жоғарғы оқу орнында ядролық физика мамандығы оқытылады. Соның бірі Еуразия ұлттық университеті.
Нұрлан Амангелді, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ядролық физика кафедрасының доценті:
- Біздің университетте жылына 50-60 бакалавр бітіреді. Бітірген студенттеріміз Институт ядерной физикиға барып, жұмысқа орналасады. Ұлттық ядролық орталыққа барып жұмысқа орналасады. «Казатомпромға» барып жұмысқа орналасады. АЭС салынатын жағдайда онда келісімшарттың ішінде біздің мамандардың, өздерінің технологиясын үйретіп, өздерінің жұмыс жасау тетіктерін көрсетіп, соның бәрін жаңағы келіссөзге кіргізу керек.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы департаменті директорының орынбасары:
- АЭС салып бітіріп қойғаннан бастап АЭС тек ғана ҚР жекеменшігінде болады негізінде. Ол стратегиялық объект. Сол жерден бастап біздің қазақстандағы дайындалған мамандар әрине, жұмыс істейді. Арнайы практикадан өткен, мысалы, қазіргі уақытта да жас мамандарымыз бар зерттеу реакторларын қосып өшіріп жүрген. Осы жас мамандарды бұдан әрі оқытамыз.
Өткізіліп жатқан шаралар да, мамандардың пікірлері де, атом энергиясының экологиялық маңызын айшықтайды. Референдумда халық АЭС қажет деп тапса, бұл энергетикалық, экологиялық және экономикалық қауіпсіздікке жасалған үлкен қадамдардың бірі болады, - дейді сарапшы мамандар.
БД, Аманжол Байғазин, Дархан Күтуов