Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту мәселелері қарастырылды
Биыл жалпы спортқа 153 млрд теңге қарастырылған болса, бұқаралық спорттың үлесіне оның мардымсыз ғана бөлігі тиеді екен. Ал қанша екені жайлы нақты ақпарат жоқ. Осы өзекті тақырыпты Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында қызу талқылаған болатын.
Елімізде халықтың 30% астамы спортпен тұрақты айналысады. Оның ішінде 59% мектеп оқушылары, 31% студенттер спортқа әуес. Бұл өте аз көрсеткіш. Мемлекеттік нормативтерге сай елде әрбір мың адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Ал қазіргі нормадан 2 есеге төмен.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Елбасы 2018 жылғы Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімді болуы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды, сондай ақ қолданыстағы спорт ғимараттарын тиімді пайдалануды тапсырды.
Былтыр 13 кешен салынған. Енді екі жылда 80-нен астам дене шынықтыру сауықтыру орталықтары ашылуы керек. Бірақ бұған қаражат жеткіліксіз болып шықты. Қазір елімізде 2 мыңға жуық мектепте спорт залы жоқ, спорттық нысандардың 37% спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді. Депутаттардың айтуынша, қаражат бөлуде жүйелілік жоқ.
Бейбіт Мамыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2019 жылы жалпы спортты дамытуға 124 млрд теңге бөлінген екен, ол жергілікті органдарға кеткен. Ал 30 млрд теңге орталық деңгейде қалған. Жалпы әлеуметтік саясатты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдар және жергілікті органдар мынандай бір жүйелі кешенді түрде жұмысы жоқ екенінін Үкімет сағаты дәлелдеп отыр.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бюджет қаражатын кәсіби клубтарды қолдауға жұмсауды тоқтату керек, мұны заңмен бекіткен жөн. Шетелден келген спортшыларға миллиондап ақша шығынданғанша, балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболды қаржыландырып, стадиондар салуға ақша бөлген дұрыс.
Министрліктің мәліметінше, биыл сәуірде бұқаралық спортты дамытуға қатысты заң жобасы Парламентке түседі. Онда халықты спортқа тарту механизмдерімен қатар, дене шынықтыру мұғалімдеріне сыныптан тыс сабақ жүргізгеніне қосымша ақы төлеу де бекітілмек.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:
- Халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын шатттық бірліктермен қамтамасыз ету, оқушылар арасында дене шынықтыру мен спорттық жарыстар санын арттыру қажет.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға биылға 2 млрд 400 млн теңге бөлінген. Бұл тек ақпараттық материал дайындап, түрлі дәріс, семинарға жұмсалып кетпек. «Ал іс жүзінде мұның тиімділігі шамалы, сондықтан спорттық идеологияның бағытын түбегейлі өзгертсе», – дейді депутаттар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев