Хабар телеарнасы

Елімізде 400 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр

Ал жауапты министрлік «жыл сайын 1 млн адам жұмысқа орналасты», - деп есеп береді. Бірақ жұмыссыздық деңгейі өзгермейді. Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутаттар осыны айтып, жауаптыларды сынға алды. Тиісті бағдарлама қабылданған, қаржыландыру да бар. Бірақ жұмыссыздық деңгейі талай жылдан бері өзгермейді.

Ресми сандардан бастайық. Қазақстанда 9 млн адам жұмыс істейді. Оның 7 млн-ы жалдамалы жұмыста еңбек етуде. Ал 2 млн-нан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бір қарағанда бәрі тамаша. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі үкімет сағаты басталмай тұрып депутаттарға осындай әдемі сандар таңбалағанған тақтайшаларды таныстырды. Белгіленген уақытта жиын да басталды.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 -  Алдағы үш жылда біз сапалы жұмыс орындарының санын 824 мыңға арттыруды жоспарлап отырмыз. Біздің министрлік осы тетіктерді іске асыру үшін бес бағытта жұмыс істейді.

Сөз кезегі мәжілісмендерге жеткенде жағдай өзгерді. Елімізде 2008 жылдан бері жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданған екен. Олар қандай нәтиже берді?!

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көптеген көрсеткіштер тек қағаз жүзінде қалып қойған. Мысалы, қарасақ, Шымкент қаласында жобағы 500 млн теңге берілген. Жоспар бойынша 350 жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Алайда бір жылда тек екі адам жұмысқа алынған. Үкімет жыл сайын шамамен 900 мың адамның жұмысқа орналасқаны туралы есеп береді. Ал елдегі жұмыссыздар саны 445 мың шамасында. Сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды.

Депутат Нұртай Сабильянов та қағаздағы есепке көңілі толмайтынын айтты. Министрлік тарапынан түрлі жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанымен, қатаң қадағалау жоқ, - дейді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сіздердікі құр сөз. Сылдырлаған сөз. Талдау жасалмайды. «Кәсіптік оқыту», «Бизнес бастау», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», - дейді. Осы жобалар бар. Қандай нәтиже қарапайым халыққа?!

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, тұжырымдалар – бәрі де жұмыс орнын ашу керек. Қазір 20 пайыз ғана ашылып отыр. Бүгінгі біз көрмеде көрсетіп отырған 755 инвестициялық жобаның ішінде 150 мың жұмыс орны ашылуы керек. Ал барып қарасаңыз, тек 70 мың жұмыс орны. Сондықтан мемлекеттің осындай бағдарламалары болмаса, жұмыссыздық деңгейі өте жаман болып, қоғамның өмір сүруі төмендейді.

Келесі мәселе – жастарды оқытып, білікті маман етіп шығару. Бұл міндеті орындауда да ақсап тұрған тұстарымыз бар екен. Мәселен, осы жылы көлік құрылысы мамандығына деп бөлінген 300 гранттың тек 29-на ғана студент қабылданған. Ал гидромелиорацияға бірде-бір адам өтініш бермеген. Қазір Қазақстанда 450 мыңға жуық адам жұмыссыз. Солай бола тұра 270 мың еңбек мигрантын қабылдауға рұқсат берілген. Яғни сонша өзге елдің азаматы бізде жұмыс істеп нәпақа тауып жүр. Неге?   

Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз мектеп жасындағы балаларды робот қылып тәрбиелеудеміз. Нанның қадірін, киімнің қадірін, жұмысқа баулу деген мәселені қойдық. Қолда телефон. Біз қандай қоғамды тәрбиелеп жатырмыз?

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Сұрақ қойып, сынға алумен қатар депутаттар өз ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, субсидия алатын фермерлер адамдарды жұмысқа алуға міндеттелсе, - дейді.  Сондай-ақ біздің елде адамдарды жұмыстан шығару тым жеңіл екен. Бұл  әсіресе ірі кәсіпорындарда белең алған құбылыс. Оны түзейтін кез келді. Оған заңдық тұрғыда өзгеріс енгізуге дайынбыз, - деді депутаттар.

Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Алиев