Nur Otan партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін орындау Мәжілістің бақылауында
Бұл туралы Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында талқыланды. Партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын талқылау видеоконференция режимінде өтті, деп хабарлайды Мәжіліс баспасөз қызметі. Жиынға қатысушылар бағдарламаны жүзеге асыру барысына ай сайын мониторинг жүргізіп отыруды Елбасы, Nur Otan партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған тапсырмасы екенін атап өтті.
Сонымен қатар депутаттық корпус пен Үкіметтің бірлескен жұмысы, қажетті заңнамалық негіз құру қазіргі уақытта партияның барлық сайлау алдындағы міндеттемесінің 90% орындауға мүмкіндік бергеніне тоқталды.
Фракцияның кеңейтілген жиналысына қатысқан еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің айтуынша, қазіргі уақытта алда тұрған барлық жоспарланған іс-шара мерзімінде орындалмақ. Осы ретте фракция мүшелері сайлау алдындағы міндеттемелерді орындау олардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Заң жобалары бойынша жұмыс барысында депутаттар партияның алға қойған міндеттерін шешуде, ең алдымен қажетті қаржы ресурстарын қамтамасыз етудің нақты жолдарын іздестіруге баса назар аударды.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету, АӘК-ті тағайындаудағы ашықтық үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «E-Halyk» ақпараттық жүйесімен біріктірудің мерзімдерін аяқтау сынды бірқатар мәселені көтерді. Депутаттар жұмыстың әлеуетті бағыттары туралы айта келе, әлемдік тенденциялар мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, өнімді жұмыспен қамтуға халықтың белсенді қатысуы қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары ішкі нарықты молайтып, экспортты дамыту үшін аграрлық саланы дамытудың жаңа тәсілін әзірлеудің қажеттігіне тоқталды.