Мәжіліс техникалық реттеу туралы заң жобасын мақұлдады
Бұл тұтынушыларды адам өміріне қауіпті өнімдерден сақтауға мүмкіндік береді. Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады. Депутаттар сондай мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайтын құжатты да қабылдады.
Жаһандық өркениет заманында алыс-беріссіз күнелту мүмкін емес. Экспортпен қатар алыстан арбалап, жақыннан дорбалаған импорт та баршылық. Қазір қолданыстағы заң бойынша мемлекеттік қадағалау ел аумағына енгізілген тауарларға жүргізілсе, жаңа құжат негізінде елге кіргізілмей жатып, сыналады. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған техникалық реттеу туралы заң жобасы осылайша ішкі нарықты сапасыз өнімнен тазартуды көздеп отыр.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау өнімді өткізу сатысында жүзеге асырылып жатыр. Заң қабылданған жағдайда заң жобасына сәйкес бақылау тек өткізу кезеңі ғана емес, өнімдерді ел аумағына әкелетін кезде де қамтитын болады деп отырсыздар. Өнімді әкелу кезінде мемлекеттік бақылау тетігі қандай болады және ол үшін қосымша ресурстар қажет бола ма?
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Жаңа заңнама мұның негізі бағытына процестерді цифрландыру және лабораториялық зерттеу жұмыстарының ашықтығының негізінде жасалатын болады. Әрине, бақылау, қадағалау жағынан қосымша жұмыс туындап отырған сияқты, бірақ негізі цифрландыру арқылы барлық ақпараттық жүйені бір-біріне біріктіру арқылы бұл жұмыс жасалатын болады.
Яғни өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексерілмек. Зертханалық сынақ жүргізу үшін қауіпті өнім үлгілерін сатып алу рәсімдері енгізіледі. Оны қадағалайтын институт та енгізілмек.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сондай-ақ заң жобасымен сарапшылар кеңесінің қызметін өзгерту көзделген. Бұл экономика салаларындағы техникалық реттеуді қолданудың жеткіліксіздігін шешетін келіссөздер құруға сеп. Сондай-ақ бизнес үшін ерікті сертификаттау жүйесін құратын құқықтық механизм орнатылады. Ал бұл мемлекеттік сатып алуларға қатысатын кәсіпкерлерге бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік жасайды.
Сәйкестікті бағалау рәсімдерін жетілдіру, сертификаттау және аккредиттеу процестерін цифрландыру да жоспарланған. Айта кету керек, бүгінде елдегі тауардың 85% одаққа ортақ техникалық регламенттермен реттелген. Ал ұлттық реестрде ұйымға мүше елдер жайлы мәлімет жоқ, күні ертең бұл импортқа кедергі болуы мүмкін. Депутаттар жобаның осы тұсын пысықтауды ұсынды. Мәжіліс төрағасы құжатқа енгізілген түзетулер тұтынушыларды қауіпті тауарлардан қорғауды күшейтетінін атап өтті.
Депутаттар ақпарат мәселелері туралы заң жобасын да мақұлдады. Салалық ведомствоға барлық деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру тәртібін айқындау өкілеттілігі берілмек.
Михаил Чирков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір көп өңірлерде халықты мемлекеттік саясаттан хабардар ету әкімдерді жарналамауға ұласып кетеді. Сондықтан жергілікті деңгейде ақпараттық саясатты құру үшін тақырыптық бағыт белгілеу маңызды. Бұл жаңашылдық өңірлердегі ахуалды өзгерте ала ма?
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Иә, біз зерттеу жүргізіп, көптеген республикалық стратегиялық бағдарлама жайында өңірлік БАҚ-та тым аз көрсетілетінін байқадық. Сондықтан мемлекет үшін бірыңғай ақпараттық саясат құрған маңызды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Бірыңғай ақпараттық саясат Президенттің тапсырмасы екенін атап өтіп, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың тиімді механизмін құрған абзал», – деді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Министрліктің мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін құруға кіріскені өте дұрыс, заңнамалық нормалар сол үшін енгізіліп отыр, біз қолдаймыз. Президент бірыңғай ақпараттық саясат құруды тапсырды. Қазір «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді қомақты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Тек магистральдік жолдар ғана емес, аудан, ауылдарға инфрақұрылым жасалуда. Осы төңірекке Сарыарқа газ құбырын тарту, көлемді газификация жұмысы атқарылуда, халық осының бәрінен хабардар болуы керек. Заңнамалық актілерде мемлекеттік тапсырыстың орналастырудың тиімді ережелері бекітілгені жөн.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесі заң жүзінде бекітілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова