Аида Балаева елге танымал өнер адамдарының заңсыз әрекеттерін сынға алды
Мәдениет және ақпарат министрі елге танымал өнер адамдарының заңсыз әрекеттерін сынға алды. Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында «Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ» деп жазды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Өкінішке қарай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін «нағыз мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдірет емес. Олар қашан да ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек.