Хабар телеарнасы

Көкшетауда 15 отбасы баспаналы болды. Өңір жаңалықтары

Көкшетауда 15 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы аналар мен көктемгі тасқын салдарынан үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындар бар. Жыл соңына дейін 800-ден аса отбасын баспанамен қамту жоспарланған. Бұл мақсатта облыстық қазынадан 16 млрд теңге бөлінді.

Қоршаған ортаны ластап отырған ірі 50 отандық кәсіпорын жарты жылдың ішінде жасыл технологияға көшуі керек. Текелі қаласында Сенат депутаттары мен ғалымдар осы мәселені көтеріп, экологияны жақсарту жайын сөз етті. Кездесу барысында жасыл технологиялар орталығы, жасыл академия және жергілікті университет ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан баспанасыз қалған азаматтар уақытша тұрып жатқан Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пункттердің бірін аралады. Олар тұрғындардың базынасын тыңдап, атқарушы билікке жеткізуге уәде етті. Қазір бұл оқшаулау бекетінде 9 отбасы тұрады. Жалпы шаһарда барлығы 7 уақытша орналастыру бекетін, 695 адам паналап отыр. Бүгінге дейін 75 отбасына пәтер кілті берілген. Қалғандары кезегін күтіп отыр.

Қызылордада жас күйшілердің 1-ші республикалық байқауы басталды. Ұлттық домбыра күні мен дәулескер күйші Қазанғаптың 170 жылдығына арналған сайысқа 20 шақты өнерпаз қатысып жатыр. Байқаудың алғашқы кезеңінде Әлшекей, Құрманғазы туындыларын орындаған дарын иелері келесі айналымда Сүгір мен Тәттімбеттің шертпе күйін орындауы тиіс. 

Павлодарда Парламент Сенатының шахматтан ашық кубогінің жартылай финалы өтіп жатыр. Senat Open турниріне Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан жүзге тарта әуесқой шахматшы қатысады. Іріктеуден өткен 25 ойыншы тамыз айында Астанада ұйымдастырылатын қорытынды ойынға жолдама алады.