Қазақстанда ІХ азаматтық форум өтіп жатыр
Шара «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» деген атаумен өтіп жатыр. Онлайн форумға сарапшылар, қоғам қайраткерлері, барлығы 500-ден астам адам қатыспақ.
Серіктестіктің нышаны саналатын «Birgemiz» деген атаумен басталған азаматтық форум бес күн бойы жалғасады. Алаңда жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тойтару, қоғамдық кеңестердің елге пайдасы, азаматтық қоғам институтының ілгерілеуі тәрізді талай тақырып қаузалмақ.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік саясат, бәрі – 30 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазығын қаққан тәуелсіз елдігіміздің егемендік туралы декларациясында халқымыздың саналы түрде таңдап алған дара жолы, қайталанбас құндылықтары. Бүгін міне сіз бен біз осы қағиданы іс жүзінде көріп, нәтижесін түйіндеп отырмыз.
Еуропада қоғамдық ұйымдардың күшімен тыңнан түрен түріледі, олардың әлеуметтік бағытқа қана емес, саясат сарынына да ықпалы жетеді. Қазақстан да халықаралық тәжірибеден бетін алыс ұстап отырған жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңестер табысты қызмет етсе, қоғам белсенділері заңнамалық процеске белсене жұмылдырылып отыр. «2016 – 2020 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамытудың ұлттық жоспары нәтижелі орындалды», – дейді сала мамандары.
Жібек Ахметова, Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы ЗТБ президенті:
- Соның бірі – қоғамдық ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауы бойынша қазіргі таңда мемлекеттік гранттар бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс табысты, сәтті жүзеге асырылуда.
Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:
- Соңғы 15 жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Ең біріншіден мемлекет азаматтық үкіметтік емес ұйымдарға көмек ретінде қаржыландырды. Мемлекеттің қос қанаты билік болса, бір жағында азаматтық қоғам. Қос қанаты болғаннан кейін екі жағы да бірдей болуы керек.
Бүгіндері үкіметтік емес ұйымдар облыс орталықтарында қана қызметін іске асырып отыр. «Ауыл-аймақтың азаматтарын да ойын ашық білдіріп, белсенділікке тарту міндетін қолға алу керек», – дейді сарапшылар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Тайыр Мерекенов