Қазақстан асық атудан жеңімпаз атанды
Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қазір де жалғасып жатыр. Әр алаңда тартысты жарыс. Әр ойыншының атында бір өзінің емес, елінің, ұлтының намысы тұр. Ал ұлы дала дүбірінің үні әлемге жетті.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы нағыз дода алаңына айналды. Қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан сайыс өтті. Оған әлемнің 35 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты.
Баяман Абидинов, алыш сайысына қатысушы /Қырғызстан:
- Қазақстан өте жоғарғы деңгейде өткізіп жатыр күресті. 5-ші Дүниежүзілік ойындарды ең жасысы деп айтуға болады. Мысалы, ойындарды ұйымдастыру, бізді қонақүйге орналастыру, ашылу салтанаты, барлығы, күрестер де өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр.
«Алау» мұз айдынында да дүбірлі дода. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан және Англия құрамасының 87 ойыншысы арқан тартысты. Ерлер арасындағы әр спортшылардың қосындысының салмағы 720 келі болса, әйелдер арасындағы салмақ 560 келіден аспауы керек. Біздің қыздар қарсыластарын жеңіп, финалға шыққан еді.
Бірақ бұл сайыста Ресей командасына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болдық. Ал асық атудан әрине, көшпенділер ойындарының жеңімпазы атандық. Себебі асық ұлттық ойынымыз емес пе?
Алуа Маханбет, тілші:
- Мына жерден біз керемет қазына тауып алдық. Мына сандықты қараңыздаршы. Мұнда шамамен 8 мың асық бар. Бұл асықтардың барлығы Мырзамұрат есімді азаматтікі екен.
Мырзамұрат Қайыпбеков, Астана құрама командасының мүшесі:
- Бала кезімде асық ойнап 1 мың, мың жарымдайын ұтып, жинағанмын. Сосын мынау көшпенділер ойындары болатынын естіп, 10 мың асық жинасам ба деп ниеттеніп, 8 мыңға жетті қазір.
Бүгін арқан тартыс, тоғызқұмалақ, асық ату, толағай алыптар сайысы мен жамбы ату сынды бірнеше спорт түрлері жарысты аяқтады. Ал спортшыларымыз қоржынды толтырды.
Алуа Маханбет, Самат Оспанов