Nur Otan съезінде партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды
Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді. Nur Otan Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Сайлау – атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды айқындайтын науқан. Nur Otan бес жылдың ішінде берген уәделерінің басым бөлігін орындады. Мұны Елбасы бюро отырысында атап өткен болатын. Съезге 400 делагат қатысты. Қатысушылар бейнеконференция арқылы байланысқа шықты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Келесі жылы ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Сол тарихи уақыт қарсаңында өтіп отырған жиынымыздың маңызы өте зор. Екі күн бұрын партия Саяси кеңесінің, ал кеше Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. 10 және 17 қараша аралығында аудандық, қалалық, облыстық конференцияларда барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдер бекітіліп, тиісті бағдарламалар қабылданды.
216 бағдарлама. Nur Otan партиясының бетке ұстар құжаттарының бірі осы. 216 сайлауалды бағдарламаның ерекшелігі сол, мұнда облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Өңірлік бағдарламаларда барлығы 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді.
Партияның сайлауалды бағдарламасы төрт тараудан тұрады. Баршаға тең мүмкіндік беру, зияткер, дені сау және ұқыпты ұлт қалыптастыру, тұрақты экономика, есеп беретін мемлекет пен жауапты азаматтар деп тарау-тарауға бөлінген бағдарламаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Қазір бүкіл әлем жаһандық өзгерістердің табалдырығында тұр. Сенім дағдарысы анық аңғарылады. Соңғы жүз жылдағы рецессия дүниежүзілік экономиканың дамуын ондағы жылдарға кейінге шегерді. «Бұрынғы қарқынды қалпына келтіру үшін орасан күш пен уақыт керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл – біраз елдің басындағы жағдай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан бұл қиындықты да еңсереді. Бізде елдің еңсесін тіктей алатындай қаржы қоры бар. Мемлекетті дамытудың арнайы жоспары әзірленген. Миллиондаған тұрғынның көмегімен партия ішіндегі тұрақтылықты сақтап қалдық. Соның арқасында бизнес өкілдеріне қолдау көрсеттік. Билік тарапынан берілген уәделерді орындадық.
Әр дағдарыстың соңынан мүмкіндік ере келеді. Мемлекет басшысы қоғамның пандемия кезінде жұдырықтай жұмылғанын атап өтті. «Біз біргеміз» дейтін ұран қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Індет өршіген тұста біз бірге болдық. Жұрт болып жұмыла білдік. Партия және оның белсенді мүшелері желді ұйыстыруға көп күш жұмсады. Nur Otan партиясы жетекші саяси ұйым екенін тағы бір дәлелдеді. Нақты істердің партиясы екенін көрсетті.
Nur Otan партиясының тұңғыш республикалық праймеризі үш ай бойы өтті. Үш ай бойы он мыңнан астам адам саяси додада бағын сынады. Нәтижесінде партиялық тізімге енгендердің үштен бір бөлігі – әйелдер, кандидаттардың 12-сі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл қатарда көпбалалы аналар, кәсіпкерелер, экономистер мен заңгерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Осылайша праймериз мәреге жетті, міндетін толық орындады. Праймериздің міндетін әу баста Елбасы айқындап берген. Белсенді сауатты және патриот мүшелерді іріктеу кезінде партияның жүйелі жаңаруға дайын екені аңғарылды.
«Бізге мемлекет дамуының жаңа парадигмасын ұсыну қажет», – деді Президент. Бұл биліктің барлық тармағының күш біріктіруін қажет етеді. Әсіресе алдағы сайлаудың тұтас қоғам үшін маңызы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Бес институционалдық реформа – Ұлт жоспарын» жүйелі түрде жүзеге асыру керек. Сол мақсатта «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын әзірледік. Алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспары осы құжатта толық жазылған.
2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарлама әбден пысықталған, сүзгіден өткен құжат. Қазіргі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Nur Otan Үкіметпен тізе қоса отырып, құжаттағы мақсат-міндеттерді орындау үшін 21 трлн теңге қарастырмақ.
Зияткер, дені сау ұлт қалыптастыру. Сайлауалды бағдарламадағы екінші бағыт осы. Алдағы уақытта білім мен ғылымға, денсаулық сақтау саласына, мәдениет пен спортқа бөлінетін қаржы ұлғаяды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5% кем болмайды. Қос қалада Нұр-Сұлтан мен Алматыда 2 ғылыми-инновациялық клиника салынады. Ал өңірлерде 20 заманауи медицина орталықтары бой көтереді. Елді мекендердегі аурухана-емханалар қажетті қондырғылармен жабдықталады. 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге өседі. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың да айлығы көбейеді. Ауылдық округтарда спорт жөніндегі нұсқаушы қызметі пайда болады. Себебі сайлауалды бағдарламада бұқаралық спортты жан-жақты дамытуға ден қойылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Партияның елді дамытуға арналған жоспары осыған дейін Елбасы ұсынған бағдарламаларда және менің халыққа Жолдауымда көрініс тапты. Біз партияның негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық жоспарын орындаймыз. Соған күш салуымыз керек.
Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған мемлекеттер тобына қосылу мақсаты тұр. «Осы орайда кәсіпкерлерге келтірілген кез келген кедергі ауыр қылмыс ретінде қарастырылады», – деді Президент. Бұдан елге тікелей жылына тартылатын инвестицияны 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Ауылдық жерлерді дамыту да басты назарда болады. 246 елді мекенге газ тартылады. 27 мың шақырым жол жөнделеді. Алдағы бес жылда 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Озвученная сегодня Президентом программа партии Nur Otan – это амбициозные, в то же время просчитанные цели и ориентиры, подкрепленные финансовыми и человеческими ресурсами. Программа является логическим продолжением нашего курса реформ, на протяжении всех лет независимости. Я всегда ставлю ясные цели и говорил, что для их достижения нужно упорно, много работать, преодолевая много трудностей. Я эту программу, предложенную Президентом, поддерживаю, и наша общая задача – сплотиться вокруг этого и работать вместе.
Сайлауалды бағдарлама әбден пысықталды. Арнайы жұмыс тобы екі ай бойы Үкіметпен тізе қосып, қазіргі жаһандық жағдайды ескеріп, ескі тәжірибені қаперге алып, қоғамның өзекті мәселелерін назарда ұстай отырып, бағдарлама жан-жақты зерделеді. Құжаттың мазмұнды шыққанын праймеризден үздік шыққан кандидат Берік Әбдіғалиұлы да атап өтті.
Берік Әбдіғалиұлы, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі:
- Ауылдың тұрғыны ретінде мені бағдарламадағы «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені ауыл – ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауызсу, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағдарламада нақты қарастырылған.
Ал тоғыз баланың анасы Әлия Әпсеметова да праймеризге қатысқан. Үш ай бойы өзі тұратын аудандағы 24 ауылдық округті аралап, тұрғындармен кездескен. Партияның бағдарламасын түсіндірген, тұрғындардың аманатын тыңдаған.
Әлия Әпсеметова, журналист, көпбалалы ана:
- Бағдарламадағы «Әйелдердің басшылық орындардағы үлесі 30% жетеді» деген мақсаттың орындалатынына толық сенемін. Сөзіне қашан да ісі сай Nur Otan партиясы үшін қазақстандық әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейгені өте маңызды.
«Алтын домбыраның» екі мәрте иегері, белгілі ақын Мұхтар Ниязов «праймеризді айтысқа ұқсатамын» деп сөз саптады. Ел аумағында өткен айтыс-дебаттарды дүйім жұрт тамашалады. «Пікірталастар ашық және әділ өтті», – деді.
Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын:
- Рас, алдағы бес жылдың жүгі ауыр. Бір қазан сүттің бір қасық ұйытқысы болады. Nur Otan – бос сөзге емес, іс тындыруға ұмтылатын партия! Әрдайым жабырқағанның жанынан табылып, жәрдем беріп келеді. Сондықтан елдің тыныштығы мен берекесін ойлаған азаматтар Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын, партияның бағытын қолдайды.
Отыз жыл жеңіске толы кезең. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған азаттыққа қол жеткіздік. Тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарып, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдадық. Қазір Қазақстан – қатарының алды.
Партия ел дамуы үшін қызмет ете бермек. Осы тұста негізгі деген үш ұстанымға берік болады. Оларды Елбасы жеке-жеке атады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Первый – ответственность. Мы партия реальных дел, а значит ответственная политическая сила. То есть сказал – сделал. В трудную минуту Nur Otan всегда был с народом. Сегодня партия ассоциируется с реальной властью в стране. Это налагает на нас огромную ответственность, и мы это осознаем. Быть кандидатом от партии «Nur Otan», стать частью партийного списка - значит разделить ответственность за государство сегодня и за будущее. Второй принцип – командное единство. Членство в партии – это не привилегия, а обязанность перед обществом, ежедневно работать на благо родины. Третий принцип – следование общим идеалам и целям.
«Партия бағдарламасы орындалса, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түседі», – деді Елбасы. Электоралды компания сәтті ұйымдастыру үшін республикалық және аймақтық штабтар жасақталады. Республикалық штабқа Бауыржан Байбек жетекшілік ететін болды. Жиын барысында сайлауда партия атынан бақ сынайтын 126 кандидаттың есімдері белгілі болды. Оның 77-сі – праймеризде озық шыққандар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Егемендікті баянды ету оңайға соққан жоқ. Аға буынның табандылығы, халқымыздың шыдамдылығы, сенімі және елдің бірлігі арқасында ғана осы күнге жеттік. Сол бірлікті сақтамасақ, біз тәуелсіздікті сақтай алмаймыз.
Алға қойған міндетті орындау – саяси мақсат емес, жарқын болашақтың қамы. Елбасы съезді осылай қорытындылады.
Авторы: Дархан Әбдуахит