Алдағы саяси науқанға «Ауыл» партиясы ресми түрде қатысатынын мәлімдеді
«Ауыл» партиясының бағыты айтпаса да түсінікті. Ең бірінші міндет – ол ауыл халқына әлеуметтік қолдау көрсету. Денсаулық, білім беру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету басым бағыттардың қатарында.
Иә, «Ауыл» партиясы алдағы сайлауға қатысатын болды. Себебі ауылдағы ағайынның аманатын арқалап жүр емес пе?!
Қандай аманат дейсіз ғой. Сол баяғы ауыз су, жол, жайылымдық жер тағысын тағы. Аталған олқылықтардың шешімін табу үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДПП Төрағасының бірінші орынбасары
– Мемлекеттен бөлінетін қаражат аз емес. Қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ құмға кеткен су сияқты. Барлығы жан-жаққа тарап, не пайдасы жоқ болып отыр. Жол салынып жатқан жоқ емес, салынып жатыр. Бірақ сапасы қандай? Келесі жолы қармен бірге еріп кетеді. Өтірік па? Рас. Соның барлығын қоғамдық бақылауа алу қажет.
Бақылауды күшейту – халықтың аманаты. 125 мың азамат қатысқан жалпұлттық сауалнамада осы ұсыныс та бар. Жалпы тізімде тілек көп. Әр балаға жәрдемақы, денсаулық, білім беру, инфрақұрылым мәселелері көпшіліктің көкейін кернейді. Ал партия төрағасы түйіні тарқатылмаған түйткілдерді түгендеп, сайлауалды бағдарламаға енгізуді жоспарлайды.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы
– Біз бір күндік емес, бір айлық емес, жалпы болашақта елдің, халықтың мұқтажын, әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты, ауыл тұрғындарына қатысты бүкіл проблемаларды жүйелі шешуге мүмкіндігі бар партия ретінде әлеуетімізді көрсеткіміз келеді.
18 қараша «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезі өтеді. Оған дейін ауылдағы ағайынның әр пікірі есепке алынады. Көптің көзі түскен мәселе – жоба жоспарына енгізіледі. Партия мүшелері бүгін бірауыздан осындай байламға келді.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин, Динара Кунафина