ҚХП Парламент Мәжілісінің сайлауына 125 үміткер ұсынбақ
«Қазақстан халық партиясының» кезектен тыс 16-съезінде сайлауалды тұғырнаманы пысықтау және партиялық тізімді бекіту жұмыстары жүргізілді. «Халық. Жер. Әділдік» деген ұран астарына бірқатар міндет кіреді. Оның ішінде – кедейлікпен, жұмыссыздықпен, әлеуметтік, экономикалық және білім теңсіздігімен күрес. Жер мен жер ресурстарын мемлекеттік меншік ретінде қорғау. Мемлекеттік органдардың қызметін халықтық бақылау. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және елде тұратын барлық этностың мәдени мұрасын сақтау.
Айқын Қоңыров, «Қазақстан халық партиясының» төрағасы:
– Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс сайлауына 125 үміткерді ұсынамыз. Әр кандидатура әр өңірде қаралып, мақұлданды. Қазіргі заң шеңберінде біз бекіткен тізім жастар және гендерлік квоталарға сай келеді деп ойлаймыз.
Орталық комитет хатшысы Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, осыдан екі апта бұрын қабылданған ребрендинг жоспары 2 жыл бұрын пайда болды. Ал «Қазақстан коммунистік халық партиясы» атауы партияның кезектен тыс 15-съезінде «Қазақстан халық партиясы» деп өзгертілді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚХП орталық комитетінің хатшысы:
– Қазіргі кезде түгел біздің мақсаттарымыздың бәрі партияның бұрын қабылданған бағдарламасына сәйкес қабылданады. Және ең басты мақсатымыз – біздің әлеуметтік мемлекет құру мәселесі. Ребрендингті де сол үшін жүргіздік. Ребрендинг жүргізгенімізбен мақсатымыз өзгерген жоқ.
Ерболат Дәулетқазиев, ҚХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы:
– Өте үлкен маңызы зор бағдарлама болды. Оның ішінде қазіргі бағдарлама елдің тыныштығына, елдің мүддесіне, халықтың мұңына шығарған екен. Біз бұл қуанышқа ортақпыз.
Аталған партияның елімізде тіркелгеніне 16 жылдан асты. Қазіргі уақытта республика бойынша 100 мыңнан астам мүшесі бар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев