Хабар телеарнасы

Конституция: Сайлаудағы өзгерістер

Конституцияға 2022 жылы енгізілген өзгерістердің бірі – депутаттар мен әкімдерді сайлауға қатысты ережелер. Халық оларды өздері таңдай бастады. Дегенмен әзірге бәрін бірдей емес. «Бірақ қалай болғанда да тұрғындарға елдің саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік берілді», - дейді сарапшылар.

Конституциядағы соңғы өзгерістерге сай елімізде мажоритарлы сайлау жүйесі қайта пайда болды. Мәжіліс депутаттарының 30, облыстық мәслихаттардың 50%-і, ал аудандық мәслихаттардың барлық депутаты тікелей халықтың дауыс беруімен сайланды. Мәселен, Мәжіліске былтыр осылай аймақтардан 29 депутат таңдалды.

Нұрлан Өтешев, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Осы мына ауданға, осы ауылға жауап беретін кісі ретінде сайлаған кезде ол кісі де, яғни депутат өзіне сондай жауапкершілік алу керек және де соны көтере алмай жатса, тағы да осындай үлкен өзгеріс енгізілген, мына депутатты қайта шақыру, мандаттарын қою.

Қазақстанда тұңғыш рет былтыр аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Осылайша 42 аудан мен 3 шаһардың әкімін халық өзі таңдады. Ал ауыл әкімдерін 2021 жылдан бері тұрғындар сайлап келеді. 3 жылда 2 мыңнан астам ауылдық округ басшысы ел ішінен іріктелді. Осы саяси өзгерістердің барлығы жұртшылықтың билікке деген сенімін арттыра түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді.

Болашақта облыс әкімдерін де халық сайлауы мүмкін. Бұл да – Президенттің айтқаны. Бірақ ол кезең-кезеңімен іске асады. Әзірге аймақ басшысының лауазымына бұрынғыдай тек 1 кандидат емес, кемінде 2 үміткер ұсынылуы тиіс. Мәслихат қайсысына басымдық береді, сол Мемлекет басшысының Жарлығымен әкім болып тағайындалады.

Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов