Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысының қатысуымен реформа жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Мемлекет басшысы реформаларды жүргізуде цифрландыруды жеделдету мәселесіне жіті назар аудару керектігін айтты. Бұл – елдегі реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес отырысы. Мемлекет басшысымен бірге Премьер-министр, Президент Әкімшілігінің жетекшісі және басқа да жауапты тұлғалар стратегиялық жоспарларды талқылады. Осы стратегиялық жоспарларға енді ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі түгелімен жаңаланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекеттік жоспарлауға арналған жаңа жүйе догматизм мен формализмнен ада болуы тиіс. Құрылымы құрғақ сөзден тұрмауы керек. Жоспар барынша сындарлы болып, орындаушыларға жүктелген міндетті орындауға кең мүмкіндік беруі қажет. Орындаушыларға қосымша жүк артпау маңызды. Бұл олардың практикалық жұмыстарына кері әсер етпеуге тиіс. Үкіметтің қоғам және сарапшылармен тығыз жұмыс істегені жөн болмақ.

Қазір елде цифрландыру үрдісі кең қанат жайды. Президент жаңашылдықты мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізу ұтымды шешім боларын айтты. Ал түрлі саладағы бағдарлама және құжаттардың көптігі – жан-жақты талдауды қажет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығында көптеген бағдарлама қабылданды. Кейбірі тіпті зая кетті деп айтсақ болады. Қазір де қабылданып жатқандары бар. Барлығын иерархия бойынша тізбектеп, қажет еместерінен арылу керек. Сондай-ақ ашық әрі түсінікті жоспарлау жүйесін қалыптастыру маңызды. Бастысы сол бағдарламаны орындаушылар үшін түсінікті болуы шарт.

Президент жүктеген бұл міндетпен жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі айналысуда. Ұйым елдегі бағдарламалар мен құжаттарға жан-жақты талдау жүргізіп, жаңа даму бағыттарын айқындады. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар механизміне ойысу көзделіп отыр.

Қайрат Келімбетов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы:

– 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын барлық бағдарламаның негізі ретінде алып отырмыз. Президент ұсынған инклюзивті платформаға міндеттер мен миссияларды біріктіріп, сол арқылы 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы және аймақтық даму стратегиясы сынды жаңа элементтерді қосқымыз келеді.

Мемлекет басшысы консультативті комитеттер жұмысының маңыздылығын атап, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауды және сол реформаларды жүзеге асыру жолдарын ұсынуды тапсырды. Бұл орайда алдымен Әлеуметтік Кодекс, «Цифрлық Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешен-2025» сынды бағдарламарға ерекше көңіл бөлінеді. Барлық тарап үшін ашық әрі бірыңғай тәртіп болуы керек. Әділ бәсекелестік салтанат құрып, әкімшілік кедергілер жойылуы тиіс. Сонда ғана экономикалық өсім болады. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сот пен құқық қорғау органдарға ең озық деген ІТ технологияларды енгізуді жалғастыру керек. Сонда ғана нақты өзгерісте көре аламыз», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл жерде мынадай мәселелерді түсіну маңызды: Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық заңнаманың жиі өзгеруі құқық қолдану тәжірибесінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қателесу қаупін арттырады. Бұл азаматтарымыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы қадамымыз дұрыс. Келесі жылы осы саладағы реформалар жақсы қарқын алып, нақты нәтижелер көрсетуге тиіс.

Президент: «Жүйелі, соның ішінде кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек», – деді. «Себебі Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына тағайындалған кезде күрделі мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет», – деді Мемлекет басшысы. Президент: «Кез келген қолға алынған істің түпкілікті тұтынушысы – халық. Демек халыққа барынша сапалы қызмет көрсетілуі керек», – деді.

Жиын соңында Жоғарғы кеңестің келер жылға жоспары айқындалды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Қорған Төреқожа