Мәжіліс депутаттарының сайлауына саяси партиялар тас түйін әзір
Ал 30 желтоқсанда саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы өтеді. Үгіт-насихат науқаны келер жылғы 9 қаңтарға дейін жалғасады. ОСК үш халықаралық ұйымнан және бес елден 62 байқаушыны тіркеді. Кезекті сайлау өткізу барысында қандай жаңашылдықтар бар?
Бұл сайлау талайларға сын болғалы тұр. Саяси доданы өткізудің талап-ережесі бұрынғыдан аса көп өзгермеген, десе де бұл аламанда төменгі палата депутаттарының қатары жаңарып қана қоймай, жасаруы да мүмкін. Өйткені алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізіліп отыр.
Сонымен партиялық тізімдегі үміткерлердің 90-ы әйел, 222-сі ер адам. Орташа жасы 46-да. Арасында 29 жасқа толмаған 19 адам бар. Үміткерлердің ең жасы 1995 жылы туған. Ең үлкені 1950 жылғы азамат. Тізімге енгендердің ішінде 12 ұлт өкілі бар. Олардың ішінде 79% қазақ, 13% астамы орыс, ал, 6,4% өзге де ұлт өкілдері.
Анастасия Щегорцова, ОСК мүшесі:
- Кандидаттар үшін үгіт-насихат материалдарын орналастыратын орынды жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларымен бірлесіп, айқындап беруі тиіс. Мұндай материалдарды ілу үшін сол объект иесінің рұқсаты керек. Бір ескерер жайт, үгіт жазбаларын тарихи ескерткіштерге, мәдени орындарға сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға ілуге тыйым салынады.
Сайлау кезінде БАҚ сайлау учаскесінен трансляция жасауға құқылы. Фото, аудио және видеожазбаға да тыйым салынбайды, тек екі жағдайда ғана бұған шектеу қойылады. Ол – дауыс берудің құпиялығы мен жеке басқа қатысты мәліметтерді сақтау.
Серік Сыдықов, ОСК мүшесі:
- Суретке түсіру, видеожазба жасауға мүмкіндік берілген. Бірақ байқаушы түсірілген материалдарды тек қана сол сайлау процесінде жіберілген кемшіліктерді бекіту үшін, сол іс-әрекеттерге баға беретін мемлекеттік органдардың қарауына жіберген кезде дәлелдеме ретінде пайдалану үшін қолдана алады.
Сайлау бюллетендеріндегі партиялардың атауы қандай тәртіппен орналасатыны жеребе арқылы анықталды. Конверттегі бірден беске дейінгі сандарды әр партияның өз өкілі таңдап алды. Сайлау «онлайн өтуі мүмкін» деген әңгімеге де нүкте қойылды. Мәжіліс сайлауы дәстүрлі форматта және қағаз бюллетендер бойынша өтеді. Өйткені сайлау туралы заңда онлайн дауыс беру қарастырылмаған.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев