Саясаттанушылар сайлауалды үгіт-насихат барысын талқылады
Саясаттанушылардың айтуынша, әлеуметтік желілерге негізделген сайлау компаниялары бұл процестің цифрлық деңгейге көшкенін көрсетеді. Дегенмен үгіт-насихат кезінде адамдармен бетпе-бет тілдесудің тиімділігі жоғары. Ал алдағы уақытта «Қазақстанның саяси партиялары өркениетті елдердің деңгейіне көтерілу тиіс. Ол үшін болған сайлау нәтижелерін қорытындылап, келесі сайлауға дайындықты бірден бастау керек. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев осындай пікірде. Оның айтуынша, өзге елдердің саяси партиялары экономистер мен қоғам белсенділерінің басын қосып, сайлау нәтижелерін жан-жақты талқылайды. Бағдарламаларын жетілдіріп, кезекті тартысқа алдын ала дайындалады.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Қазақстан саяси жүйесіндегі саяси партиялар өркениетті елдердің деңгейіне қарай көтерілу керек. Ол жақта қалай? Мысалы 10 қаңтар күні сайлау біте ме, сол күннен бастап алдағы бес жылда болатын сайлауға дайындалады. Олар өз арасында саясаттанушылары, экономистері, партияның басшылығы, қоғам белсенділері бірге отырып «Біз не үшін жеңдік? Не үшін жеңілдік? Қай облыста, қай ауданда аз дауыс алдық? Осыдан бес жыл бұрын қанша дауыс алып едік?» деген сияқты сұрақтармен барлығын қорытындылап, келесі сайлауға дайындықты бес жыл бұрын бастап кетеді.
Қазақстан жастары конвенті ұйымы сайлауға бейтарап байқаушыларды дайындаған. Арнайы семинарларда ерікті жастарға байқаушылардың құқықтары түсіндіріліп, сайлау тәртібі туралы ақпарат берілді. Жалпы Қазақстан жастары конвентінің атынан елордада 40 бейтарап байқаушы болады.
Асылбек Әбдурашитов, Қазақстан жастар конвенті ұйымының директоры:
- Партиялық сайлаудағы біздің маңызды рөліміз – бейтарап байқаушыларды жастар тарапынан таңдау. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 221 мыңға жуық жас бар. Саяси партияларға дауыс беру кезеңінде олардың 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың 178 мыңы дауыс беру құқығына ие.