Сайлау-2021: партия өкілдері дауыс берді
Партия төрағасы Айқын Қоңыров бастаған халықшылдар осылайша азаматтық құқықтарын жүзеге асырды. Саяси бірлестік өкілдері үгіт-насихат науқанының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, сайлаудың заңнамалық нормаларға сай өтетініне сенім білдірді. Айта кеткен жөн, №113 сайлау учаскесінде санитарлық талаптар сақталған. Ал сайлаудың ережеге сай өтуін халықаралық және жергілікті байқаушылар қадағалап келеді.
«Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс және мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлер өз таңдауын жасады. Ұйым төрағасы Әли Бектаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектепке барып дауыс берді. Айтуынша, биылғы сайлау ерекше жағдайда өтіп жатыр. Пандемияға байланысты үгіт-насихат жұмыстары санитарлық талаптарға сай өткізілді. Халыққа түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Ел азаматтары да өз болашағы үшін дұрыс таңдау жасауы қажет», – деді Әли Бектаев. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттығына «Ауыл» партиясының атынан 19 депутат ұсынылған.