АЭС: референдумда бірінші болып Сеулдегі қазақстандық студент дауыс берді
Бүгінгі референдумда алғашқы болып Сеулде білім алып жатқан студент Дамир Зайдуллаев дауыс берді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Сеулдегі №390 және Токиодағы №393 референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де, ал Астана уақытымен сағат 4:00-де ашылған.
Дамир Зайдуллаев, студент:
- Мен үшін бұл үлкен жағдай болды десем де болады. Дауыс беру бұл маңызды деп ойлаймын. Осыған байланысты өз дауысымды беріп жатырмын.
Токио қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде орналасқан референдум учаскесінде алғашқы болып жапон клиникасында жұмыс істейтін хирург Марлен Досқалиев дауыс берді. Ол референдумға қатысып, өз пікірін білдіргенін айтты.
Марлен Досқалиев, дәрігер:
- Бүгінгі референдумға қатысқаныма қуаныштымын. Өз пікірімді білдіруге және еліміздің болашағы үшін сайлауға қатыстым.