Ел тарихында алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді
Республика күні қарсаңында елордамызда денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан, адам жанына араша болған ақхалаттылар ардақталды. Іс-шараға Үкімет басшысының орынбасары, Денсаулық сақтау министрі, өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Жиында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Айта кетейін, тәуелсіз ел тарихында алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріліп отыр. Бұл бастаманы Медицина саласы еңбеккерлерінің мәртебесі мен қоғамдағы беделін арттыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.
Иманәлі Байдәулет, медицина ғылымдарының докторы:
-Дәрігерлерге жаңа мотивация. Дәрігерлерге жақсы қызмет істеу, халыққа адал қызмет жасау, өзінің білімін жоғарылату жолында жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бұған қосымша тағы да бұйрықтар болады. Болмаса қосымша заңдар болады. Министрмен жаңа кездестік. Дәрігерлер үшін үлкен жаңалықтар бар. Мысалы, жас адам қолына диплом алғаннан кейін ауылға баруы керек. Халық қай жерде тұрса, дәрігер сонда болуы керек. Ал енді соған бұрын мардымсыз ақша беретін. Қазір сол қаржыны 8,5 млн теңгеге көтеріпті.