Көлік жүргізушілері енді куәлік пен техникалық паспортсыз жүре алады
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент депутаттары әзірлеген жол ережесіне қатысты заң жобасы Сенатта қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Көлік жүргізушілерге құжат тасып жүру қолайсыздықтар тудыратын. Енді сол жағы жеңілдейтін болды. Енді құжатын ұмытып кеткендер де полиция алдында шырылдап тұрмайды. Оның үстіне қойны-қонышымыз құжатқа толып жүретін. Енді әмиянымыз да жеңілдейтін секілді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Енді рөлге отырған әр азамат жүргізуші куәлігі мен техникалық құжатын алып жүрмесе де болады. Қолында жеке куәлігі болса жеткілікті. Сол бойынша полицейлер планшет арқылы ортақ базадан электрондық түрде тексереді. Сенаторлар жол жүрісіне қатысты заң жобасын бірден екі оқылымда қарап қабылдады.
Негізі бұл – Президенттің тапсырмасы. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарының бірінде көлікті құжатсыз жүргізгені үшін жауапкершілікті алып тастауды айтқан болатын. Бұрын құжатын үйінде ұмытқан жүргізушілер айыппұл төлейтін. Шамамен 5 АЕК көлемінде. Енді бұл айыппұлдар да келмеске кетті. Айта кетейік, былтыр 8 айда 14 мың жүргізуші айыппұл төлеген.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұрындары өзімен бірге жеке куәлігі болмаса, көлікке қажетті техпаспорт құжаттар болмаған кезде әкімшілік айыппұлдар талаптары қойылатын тұғын. Қазіргі өзгерістерден кейін айыппұлдар әкімшілік кодекстен алынып тасталды. Бұл тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты.
Яғни жеңілдіктер тек қазақстандықтарға қатысты. Шетелік азамат бар құжатын өзімен алып жүруге міндетті, олар үшін айыппұл да сақталады. Хош, облыс орталықтары, қалалар цифрландырудың игілігін көріп отыр. Ал интернет түгілі ұялы байланысы нашар ұстайтын жырақтағы ауылдарда полицейлердің планшеті істемейтіні белгілі. Мұндайда қайтпек керек деп сұрады сенаторлар.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Шалғай аудандарда интернет сапасының төмендігі және республика бойынша тіркелген барлық автокөлікті планшеттерге орналастыру мүмкіндігінің шектелуіне байланысты бірқатар қиындық туды. Ендігі кезекте осы проблемалар тағы да орын алып жүрмей ме?
Алексей Калайчиди, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Ауылдардағы жол сақшылары әзірге радиобайланыспен амалдай тұрады. Олар интернеті бар аудан орталығындағы кезекші бөлімге рациямен хабарлап, жүргізуші бойынша мәліметтер сұрайды. Бұған 3-5 минут уақыт кетеді.
Елімізде Ресей, Армения, Қырғызстаннан әкелініп, уақытша тіркеудегі көліктердің саны 18 мың. Оның жүргізушілері егер қазақстандықтар болса, оларға да құжаттарды алып жүрмеуге рұқсат.
Мынадай тым ескі автобустар бұдан былай ел аумағына кіргізілмейтін болды. Дәл осы қабылданған жол жүрісіне қатысты заңда осындай норма бар. 2022 жылы 1 қаңтардан бастап он жылдан астам уақыт пайдаланылған автобустар бастапқы тіркеуге алынбайды. Бұл жол апатын азайтып, жолаушылар тасымалдау паркін жаңарту мақсатында жасалып отырған қадам.
Сенаторлар сондай-ақ Қазақстан мен халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы келісімді ратификациялау құжатын қабылдады.
Бақтыбай Шелпеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халықаралық қаржы корпорациясында істейтін қызметкерлерді салықтан босату, оның басшысына дипломатиялық жағдай жасау. Енді бұл экономиканы дамыту үшін елдегі жасалып жатқан әрекеттердің құрамына енеді деп есептейміз.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Ресми дерек бойынша халықаралық қаржы корпорациясы елімізде құны 1 млрд 600 млн АҚШ долларын құрайтын жобаларды қаржыландырған. 77 жоба мұнай-газ, тау-кен, көлік, тамақ өнеркәсібі салаларын қамтыған. Халықаралық ұйым тағы 1,7 млрд доллар ел экономикасына инвестиция құймақ. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы мен ифнрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин