Мәжіліске өнеркәсіп саясаты туралы заң жобасы таныстырылды
Тиісті құжат Мәжілісте таныстырылды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержанов таныстырды. Бес бөлімнен тұратын жобада өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілген. Бұдан былай тек жемісін беретін инновациялар ғана енгізілуі тиіс. Салада ел ішіндегі құндылық деген жаңа ұғым да енгізілді.
Құжат аясында құрылмақ өнеркәсіптік даму қоры ынталандыру шараларын ұсынады. Ал жаңа өнеркәсіптік саясат туралы ведомствоаралық комиссияны Премьер-министрдің орынбасары басқармақ. Оған өнеркәсіп мамандары, қоғам өкілдері, депутаттар да мүше бола алады. Комиссия өнім өндірісі мен оның экспорттық әлеуетін арттыруға көңіл бөлмек.
Альберт Рау, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында кәсіпкер сатып алған құрал-жабдық құнының 50% өнеркәсіптік грант бойынша мемлекет өтейтіні жазылған. Бірақ оның механизмі жоқ. Ал инвестициялық субсидия туралы құжатта мүлде жазылмаған.
Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, өнеркәсіптік грант ережелері арнайы құқықтық-нормативтік актіде көрсетілмек. Бұл жеңілдіктер өндірісті жаңғыртуға, жаңа кәсіпорын құруға берілмек. Шекті сома 750 млн теңгеге дейін. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері отандық өнім саудасын ынталандыру механизмдері бекітілмегенін атап өтті. Машина жасау, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарудан бөлек, басқа салаларға да жеңілдік қарастырылса деген өтініш айтылды.
Қанат Ыбыраев, ҚР Жиһаз жасау және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының жетекшісі:
- Құжатта өндіріс түрі үй шаруашылығы, қолөнер өндірісі, индустриалдық кәсіпорындар деп тармақтарға бөлінеді деп уәде етілді. Алайда бірнеше миллион инвестициясы бар жиһаз өндірісі саласы қолдаусыз қалып отыр.
Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры:
- Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ жобаларының операторлары 5-6 жыл бұрынғы салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, импорттық баж салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Алайда Жергілікті мемлекеттік кірістер департаменті бұған жол бермей отыр. Егер салық жеңілдігі болғанда, зауыттар өз өнімдерін 10% арзандатар еді.
Салаға жауапты мамандарды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің орынбасары жеке қабылдап, өтініштерін тыңдауға уәде етті. Депутаттар индустриалдық-инновациялақ бағдарлама аясында ашылған кейбір жобалардың тағдырын сұрап білді.
Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Баламалы қуат көздерін жетілдіреміз деген мақсатпен биотын шығаратын зауыттар салдық. Миллондаған доллар қаржы бөлінді. Бірақ олардың соңғы 5 жылдағы жағдайы өте нашар. Бұл кәсіпорындардың тағдыры қалай болады?
Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Қоғамда да, мемлекеттік органдар ішінде де сол жобалардың іске асырылуы көп талқыланды. Олардың 12-сі тоқтап қалды. Көпшілігінің экономикалық сыртқы факторларға және ішкі менеджменттің жақсы жұмыс істемеуіне байланысты құлдырап қалған жайы бар.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Жалпы индустриалдық инновациялық даму жобасы аясында бесжылдық екі бағдарламаны іске асыруға 5 триллион теңгеден астам қаражат құйылған. Оның тек 15% тікелей мақсаттарға жұмсалған. Сондықтан олқылықтарды қайталамау үшін депутаттар 2020 – 2025 жылдарға арналған жоба жайында жүйелі жоспар болуы қажеттігін ескертті.
Авторы: Индира Жылқайдарова