Ықпалды Парламент – қоғам негізі
Парламенттің жаңа сессиясының ашылуына санаулы күндер қалды. Өткен маусымда қос палата депутаттары 179 заң жобасын қарап, 102-сін қабылдады. Бұл - реформа нәтижесінде ықпалды Парламент қалыптасып келетінінің бір көрінісі болса керек.
Депутаттар ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, қажетті заңдардың қабылдануына септігін тигізіп жүр. Атап айтсақ, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі. Бұл көпшілік күткен бастама еді. Бұдан бөлек, Парламент кредит беру кезінде қауіп-қатерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң қабылдады. Ал ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды.
Заңды қабылдауға қарсылық танытқан ықпалды топтар да болды. Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қазір бұл норманың іске асуына барлық жауапты органдар бір кісідей атсалысып жатыр.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Қаржы нарығын реттеу агенттігі тарапынан барлық мүдделі топтардың басын қосу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Қазір барлық жауапты органдар азаматтарымыздың ойынқұмарлықтың шырмауына түспеуі үшін әрекет жасайды. Әсіресе онлайн-казинолардың көзін құрту үшін күш жұмсалып жатыр.
Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:
- Ойынқұмарлықтың кесірінен азаматтар несие алып, қарызға белшесінен батып жатыр. Салдарынан суицидке барып, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері тіркеледі. Бұл – өте өзекті мәселе. Заңсыз онлайн ойын ұйымдастырып, елдің қалтасын қағатындармен әңгіме қысқа, бірлесе отырып тазартуымыз керек.