Сенат атом энергиясын қолдану саласындағы қызметтерді реттейтін заң жобасын қабылдады
Сондай-ақ осы саладағы лицензиялаудың ашықтығы қамтамасыз етілмек. Сенат атом энергиясын қолдану саласындағы қызметтерді реттейтін заң жобасын қабылдады. Құжат ядролық және радиациялық қауіпсіздікті күшейту үшін жасалды. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғап, ұлт саулығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ал дипломатиялық қызметті жетілдіруге бағытталған заң жобасына Сенат үш түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Бұл заң жобасы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердегі олқылықтарды жою үшін жасалған. Заң қабылданған кезде «дипломатиялық қызметтің ардагері» ұғымы бекітіледі. Бұл санатқа зейнет жасына толған, осы қызметте 15 жыл жұмыс істеген адамдар жатқызылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Халықарылық деңгейде еліміздің мүддесін жүзеге асыру жолында отандық дипломатиялық қызметтің орны айрықша. Сол себепті қаралған заң жобасы өте маңызды. Ол осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Құжат еліміздің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіреді және реттейді. Жоба дипломатиялық сала ардагерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған нормаларды да қамтиды.