Үкімет отырысы: осы жылдың алғашқы айындағы республикалық бюджеттің орындалуы
Бірақ біздің елдің экономикасы өсімінде оң динамика байқалады. Негізгі салаларда ілгерілеушілік бар. Десе де босаңсуға әлі ерте. Өйткені Президент міндеттеген меже әлі орындалған жоқ. Оның үстіне бұл тек қаңтар айының көрсеткіштері ғана.
Риат Шони, тілші:
- Жаңа жылда жаңа Үкімет, жаңа міндет. Асқар Мамин бастаған министрлер кабинетіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикадағы өсімді 3% жеткізуде міндеттеген болатын. Алғашқы ай артта қалды. Жұмыста ілгерілеушілік байқалады. Қаңтардың қорытындысы бойынша жоғары өсімді машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс және фармацевтика салалары көрсеткен. Сонымен қатар инвестиция тарту көрсеткіші де 25,5% артқан.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Басты міндеттердің бірі 2021 жылы 15,4 трлн теңгеге инвестицияларды тарту көзделіп отыр. Бұл инвестициялар ЖІӨ-нің 20% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы еліміз бойынша аталған көрсеткіштер егжей-тегжейлі пысықталып, экономика салаларының бөлінісінде және әрбір өңір бойынша бекітілді.
Тағы айта кету қажет, келісімдер аясында мұнай өндіруді қысқарту бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындауына байланысты тау-кен өндірісі секторы ұлттық экономиканың баяулауының негізгі факторына айналып отыр. Бұған қарамастан алғашқы айдың қорытындысында қол жеткізген жетістіктерге Үкімет басшысы Асқар Мамин оң бағасын берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Биылғы жылдың бірінші айында экономиканың базалық салаларының көрсеткіштері жақсаруда. Өңдеу өнеркәсібінің орнықты өсу серпіні байқалады. Жыл басынан бері өсу қарқыны 3% болды. Жыл енді басталса да, министрліктер мен әкімдіктер жұмыстарды жандандырып, тиісті шаралар қабылдаулары керек және белгіленген мақсаттар мен міндеттерді дәл орындауы қажет.
Риат Шони, тілші:
- Жиын соңында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қазақстандықтар өздерінің зейнетақы қорындағы ақшаларын қай мақсатта жұмсап жатқандығына тоқталды. Оның сөзінше 12 ақпанға дейін бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры 75 186 өтініш бойынша 408,2 млрд теңге қаражат аударған. Халықтың дені ақшаларын баспана мәселесін шешуге бағыттамақ екен.