Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді
Былтыр 11 наурызда ДДСҰ: «Коронавирустың өршуі жаһандық пандемия деңгейіне жетті», – деп мәлімдеген болатын. Ол уақытта адамзат алда күтіп тұрған қиындықтардан мүлдем бейхабар еді.
Адамзат үшін қауіпті әрі қатерлі меже жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында жазды. «Қазақстан әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады. Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандасымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын» делінген жазбада.
Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың ең алғашқы дерегі өткен жылдың 13 наурызында тіркелді. Содан бері қауіпті індетті жұқтырған қазақстандықтар саны 270 мыңнан асып, қайтыс болғандар 3 мыңның үстіне шықты.