Жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның құрамы бекітілді
Осыған орай арнайы жұмыс тобының құрамы бекітілді. Мұндай мәлімет Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында жарияланды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жұмыс тобына ел Премьер-министрінің орынбасары төрағалық етеді. Ал комиссияның мүшесі ретінде депутаттар, облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары, қоғам белсенділері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мен кәсіпкерлер және шаруалар тағайындалған. Тізімде ұзын-ырғасы 80 адам бар. Солардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.
Қостанайдағы ірі серіктестік жетекшісінің айтуынша, жер мәселесіне қатысты заң дер кезінде қабылданды. Себебі биыл мораторий өз күшін жояды. «Ал тиісті заң жобасы арқылы көптің көкейін кернеген іске қатысты нүкте қойылды», - дейді. Енді жер емген шаруалар мен мал басын көбейтуді көздеген фермерлер саны күрт артады. «Тіпті қазірдің өзінде қаладан ауылға ағылып, ауыл шаруашлығы саласында тер төккісі келетіндер қатары едәуір көбейген», - дейді Сайран Бұқанов.
Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Қазір жермен айналысқысы келетін жастар көп. Сол үшін қаладан да келіп отыр. Малға жайылым, шабындық жер керек. Жерді алған соң, еңбек ету қажет. Жер өзіміздің азаматтарымызға игеруге берілгені жөн.