Қырғыз бен қазақтың қара жолы: Қордай бекеті ашылды
Тілге тиек еткеніміз – қырғыз бен қазақтың қара жолы.
Бүгінде екі елдің кедендік бекеті жаңарып, жаңғыртылды. Айталық, өткізу пункті 3,5 есеге үлкейген. Осыдан-ақ қозғалыс жолақтары екіден сегізге, құжат тексеретін орын саны 13-тен 34-ке дейін ұлғайтылғанын байқауға болады. Бұрын бұл жерден тәулігіне мың көлік өтсе, қазір 2,5 мың техника емін-еркін жүре алады. Ал ары-бері қатынайтын адам саны алты мыңнан 25 мыңға дейін өседі. Осы деректерге қарап, алдағы уақытта екі елдің сауда-экономикалық қатынасы қарыштайды деуге толық негіз бар. Салтанатты рәсімге қатысқан Премьер-Министрлер бүгін осыны меңзеді. Сол үшін Қордай мен Ақ Жол бекетінен бөлек өзге де өткізу пункттерін жаңғырту жоспарланды. Бұдан басқа Үкіметаралық кеңестің отырысында инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, өнеркәсіп, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, еңбек көші-қоны, қоршаған ортаны қорғау мәселелері қарастырылды. Қысқасы, қос тараптың қоржынын толықтырып, достығын бекемдейтін ілкімді істердің біреуі де назардан тыс қалмай, түгел талқыланды.
Ұлан Әліпов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл Қордай өткізу бекетінде бәрін қайта жаңарту болды. Осы жерде тұрған ғимараттардың барлығын қайта жаңартып, қосымша адамдар, жаяу жүргіншілер өтетін павильондар салынды. Көлік жүретін жол 2 жолақтан 8 жолаққа дейін көбейді. Адамдардың өткізу пункті 2,5 есеге көбейді. Өтетін адамдардың көлемі 4 есеге көбейді.