Хабар телеарнасы

АҚШ-та бірқатар елмен сауда шектеуін алып тастау туралы айтылды

АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қазақ-америка сауда қатынастарын шектейтін Джексон-Вэник түзетуінің күшін жоюға қолдау білдірді. Бұл туралы АҚШ үкіметінің сыртқы саясат комитеті өкілдерінің тыңдауында мәлім болды. Үш күнге созылатын сұрақ-жауап сессияларында Трамп таңдаған 13 үміткер АҚШ билігі өкілдерінің алдында өздерінің лайықты кандидат екендерін дәлелдеп әлек.

Мемлекеттік хатшы лауазымына үміткер Марко Рубио да өз сынағына қатысты. Негізгі тақырыптар Ресей, Қытай, Мексика, Венесуэла, Иран, Украина, Таяу Шығыс мәселелері төңірегінде болды. Бірақ Қазақстанға қатысты сұрақ та тосыннан келген сауалдар арасында бірден елең еткізді. Оны қойған Монтана штатынан шыққан сенатор Стив Дэйнс.

Стив Дэйнс, АҚШ сенаторы:

- Былтыр қараша айында, оған дейін де Орталық Азияның бес елінде түгел болдым. Меніңше, АҚШ үкіметі дәл осы өңірге жеткілікті түрде көңіл бөлмеген секілді. Бұл елдердің стратегиялық маңызы аса зор. Алайда осы елдермен қарым-қатынасымызға Джэксон-Вэник түзетуі қолбайлау болып отыр. Сұрағым былай: Бізбен бірге бұл түзетуді алып тастауға күш саласыз ба?

Марко Рубио бірден жауап беріп, әрі онда Қазақстанды айрықша мысал етіп көрсетті. Бұл заңнама сонау 1974 жылы Кеңес одағы мен АҚШ арасындағы сауда байланысын тежеу үшін қабылданған. Ол кезде Кеңес Одағының билігі елдегі еврейлердің эммиграция еркіндігіне шектеу қоюы басты себеп болатын. Ал қазір сол ел де, шектеу де жоқ. Қайта АҚШ сенаторлары көп ұлтты Қазақстанда ислам, христиан діндерімен қатар иудаизм де емін-еркін уағыздалатынын тілге тиек етті.

Марко Рубио, АҚШ сенаторы:

- Бұл түзетуді түбегейлі алып тастау үшін үлкен заңнамалық жұмыс атқарылуы керек. Білуімше, сенатор Мёрфи оны назарға алып, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан бойынша жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, заңнама әбден ескірген. Себебі Сауда департаментінің мәліметінше Қазақстанның экономикасы нарықтық экономикаға айналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын ұйымдастырды. Бұл аталған шарттарға толықтай лайық ел дегенді білдіреді.

Марко Рубио алдағы қызметінде осы мәселеге назар аударуға ықылас танытқаны жақсы белгі. Себебі бұл түзетудің алынып тасталуы елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады.

Индира Жылқайдар, Ердана Ержанұлы