Елбасы Премьер-Министр А. Мамин мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә. Смайыловты қабылдады
Сондай-ақ Үкімет басшысы осы жылдың бірінші тоқсанындағы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын айтып берді. Көрсеткіштер көңілге қонымды. Біраз салада өсім бар.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бірінші тоқсанда экономиканың нақты секторын дамытуда тұрақты өсу қарқыны 7,9% деңгейінде. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде – 7,5%, құрылыс – 13,1%. Ауыл шаруашлығы – 2,8% деңгейінде орнықты өсуде. Сонымен қатар машина жасауда – 21,8%, оның ішінде автомобиль жасауда – 20,7%, фармацевтика – 9,1%, химия өнеркәсібі – 14,2%, металлургия өндірісінде – 2,3%.
Тау-кен металлургия секторын қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 34 пайызға артты.
Бұдан бөлек елдің Премьер-Министрі «Nur Otan» партиясының 2025-ші жылға дейінгі белгіленген сайлауалды бағдарламасы мен Елбасы бастамасы және Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға бағытталған республикалық бюджеттің жобасын жіпке тізді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күрес, денсаулық сақтау саласын жаңғырту мен мемлекеттің халық алдындағы міндеті туралы тілге тиек етті.
Кездесу соңында санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жай-жапсары сөз болды. Елбасы тұрғындар арасында вакцина қабылдаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін айтты. «Күнделікті сақтық шараларын қаперде ұстау арқылы толықтай дерттен арыла аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.