Мемлекет басшысы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай халыққа үндеу жолдады
«Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Елдің аумағында 11 еңбекпен түзеу лагері болды. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды», – делінген Президент үндеуінде.