«АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені: саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етілді
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде осынау мұражай-мемориалдық кешенінің естелік қабырғасына гүл қою рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев және мемлекеттік комиссия мүшелері қатысты.
«Қызыл Мәскеу» деп аталған мына әтірді тұңғыш қазақстандық банкир Төребек Османовтың қызы Зарема Османова пайдаланған. Оны 37 жылы халық жауы санап, ату жазасына кескен. Ал мына фарфор ыдыстан белгілі қазақ жазушысы Бейімбет Майлинның қызы Гүлсім шай ішкен екен.
Назерке Қыдырбаева, экскурсия жетекшісі:
- Бұл заттарды тұтқындардың туыстары сақтап қалған. Олардың ұрпақтары шетелде болып, Қазақстанға келе алмай, өзіміз барып, жәдігер ретінде заттарын алып келдік.
Музейде барлығы 18 мыңнан астам жәдігер бар. Олар Тель-Авив, Тбилиси, Санкт-Петербор сынды қалаларынан, әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілген. Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де музей жаңа жәдігерлермен толықты. Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың немересі Адель Рысқұлова әжесі пайдаланған сандықты әкеліп тапсырды.
Адель Рысқұлова, Тұрар Рысқұловтың немересі:
- Әжем лагерьде болғаны туралы айта қоймайтын, оқиға қайталанады деп қорыққан секілді. Кейде дос келіншектермен сыбырмен айтып жататын. Сол кезде қиын жағдайда қалған әйелдерді бір үзік нанды бөлісе жеген ұлтаралық достық аман алып қалды.
Ресми дерекке сай солақай саясаттың салдарынан Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Лагерьге түскендердің барлығын бір ғана атпен «халық жауы, отанын сатқандар» деп атайтын. Алжирге сол кездегі Одақтың бірнеше елінен – Ресей, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан әйелдер жіберілді. Қақаған қыста жөргектегі балалары бар әйелдерге дейін мынадай барақты өз қолымен салып, жалпылдақ қамыспен жылытқан, алайда жылуы 6-8 градустан көтерілмеген суықта жарытып тамақ ішпеген әйелдердің күйін елестете беріңіз.
Қазір осы жазықсыз азап шеккен аналардың тағдырымен қатар репрессияға ұшыраған Алаш арыстары-ұлт зиялыларына қатысты толық процесі мықтап қолға алынды. Тиісті мемлекеттік комиссия мүшелеріне жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл туралы мемлекеттік Қырымбек Көшербаев мәлім етті де, кешенде нәубеттен ажал құшқан бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл қойды.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияның құрамында екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссиялар толыққанды жұмысына кірісті. Еліміздегі маңдайалды тарихшылар мен сарапшылар бұл жұмысқа тартылды. Бұрын құпия болған, әсіресе ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның архивінде сақталған, ашылмай жатқан архивтердің бәрі қазір біздің тарихшылар мен сарапшыларға ашылып, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеген 7 мың әйелге қатысты ғана ақпарат бар, қалғандары әлі зерттелуде. Боздақтарды еске алу күнінде ел атқамінерлері, депутаттар, тұтқындардың ұрпақтары, ғалымдар арнайы қабырғаға гүл шоқтарын қойды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Мына мемориалдық тақтаға 60-қа жуық ұлт өкілдерінен саяси бас бостандығынан айырылған азаматшалардың есімдері қашалып жазылған. Лагерьде 1937-1953 жылдар аралығында 18 мыңнан астам әйел жазасын өтеген. Ғалымдар: «Бұдан да көп болуы мүмкін», – дейді, деректер жыл сайын жаңартылып жатыр, бірақ тарих қалт етпейді. Осылайша, қазақ халқы үшін қасіретке толы 20 ғасырдың басы замана запыраны болып жылнамаға жазылды. Құрбандардың рухына мың тағзым.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев