Мемлекет басшысы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың отбасына көңіл айтты
Президент өзгенің өмірін сақтап қалуда жас мұғалімнің жанқиярлық ерлік жасағанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алғанын жеткізіп, қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтты. «Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбук парақшасында.
«Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды», – делінген Президенттің көңіл айту жеделхатында.