Елбасы бірқатар қабылдау өткізді
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық компанияның 2020 жылғы жұмысының нәтижесі мен қазіргі қызметі туралы ақпарат берілді. Елбасы пандемияның кері әсерінен экономиканы қайта қалпына келтіру қажеттігін айтты. Алик Айдарбаевтың айтуынша, дағдарысқа қарамастан ұлттық компания қаржылық тұрақтылықты сақтап қалған. Және қазір пандемияға дейінгі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ кездесуде «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар туралы айтылды. +снх
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Өткен жыл бәріміз үшін сынаққа толы болды. Пандемия экономикаға кері әсерін тигізді. Сонымен қатар мұнай бағасы төмендеді. Көптеген компаниялар қиындыққа тап болды. Қазір жағдай біртіндеп қалпына келіп жатыр.
Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы:
- Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жалпы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жағдайы тұрақты. Алдымызда тұрған барлық жоспарлар мен міндеттемелерімізді орындап келе жатырмыз. Ірі жобалар іске асып жатыр.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басқару кеңесінің төрағасы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаевты да қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті тәуелсіздік жылдарындағы инфрақұрылымның дамуы мен темір жолдар желісін кеңейту саласындағы жетістіктер жайында айтып өтті. «Осы жылдар ішінде 2,5 мың шақырым темір жол салынды», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевқа компанияның көлік-логистикалық, экспорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімделді.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы:
- Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының негізгі активі – магистральді темір жолдар желісі. Олар 100% мемлекеттің меншігінде. Қазір жүк тасымалы барысындағы ел экономикасының сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Техникалық жағдайы да жақсы.
Соңғы 5 жылда Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 122-ден 94-ші орынға ауысып, өз позициясын жақсартты. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша елеулі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Кездесуде Марат Ахметжанов Агенттік жүзеге асырып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Қазіргі таңда қылмыстың саны азайып келе жатыр. Біздің құқықтық жүйеміз халықаралық дамыған елдердің жүйесімен сәйкес келеді. Қазіргі таңда 68 елмен екіжақты шарт жасастық. Сарапшылардың айтуынша, біздің жасалған заңнамамыз халықаралық стандарттарға сай келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:
- Біз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жемқорлыққа қарсы күрес саласында жұмыс істеп келеміз. Дегенмен әлі де атқарылатын шаруа аз емес. Бұл процеске қоғамды жұмылдырған жөн. Осы бағытта әлемдік тәжірибе жеткілікті, соны зерттеуді және қолданысқа енгізуді жалғастыру керек.