Отандық ұн өндіретін компаниялар банкротқа ұшырап жатыр
Қазақстанның ұн өндіру саласына, мемлекеттің қолдауы қажет. Мәжіліс депутаты Айбек Паяев осыны айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Көрші Өзбекстан ұн тарту саласындағы кәсіпкерлерге түрлі жеңілдік беріп, бұл нарықтағы көшбасшылардың біріне айналуды көздейді. Ал біздің кәсіпкерлер керісінше түрлі шектеу мен кедергінің кесірінен бәсекеге төтеп бере алмай отыр.
Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өзбекстан ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салды. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастады. Ал ұнға керісінше баж салығын қосты. Ұн тасымалдаушыларға теміржол тасымалының бағасын жеңілдетті. Өздеріне 20 доллар, бізге 54 доллар. Бидайымыздан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қоймай, біздің 66% ұнымызды сатып алатын Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтамасыз етуге көшті.
Ал тағы бір Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Үкіметке депутаттық сауал жолдап, ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптауды сұрады. Оның айтуынша, мұғалімдер мен ата-аналар арасында 1-сынып пен 5-сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтар қызу талқыға түскен. «Express Publishing» баспасынан шыққан оқулықта шындыққа жанаспайтын мәліметтер қаптап жүр. Ал Білім және ғылым министрлігі оған оң сараптама берген. Депутат оқулықтан қазақтың ұлттық аспабы домбыраның шығу тарихына қатысты елде жоқ аңызды естіп, есеңгіреп қалғанын айтады. Осыған байланысты депутат: «Сараптамалық комиссияның құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдерін емес, балалар психологынан бастап, қазақ тілі мамандары мен әдебиетшілерді де енгізу керек», - деп отыр.
Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Ал енді мынаны қараңыз. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленицаны енгізіпті. Мұны, әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?