Елбасы әлем елдерінің Президенттерімен телефон арқылы сөйлесті
Ресей Президенті Владимир Путин Елбасыға ақ тілегін арнады. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізін қалағанын және нығайта түсуге әлі де атсалысып келе жатқанын атап өтті.
Елбасы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен де телефон арқылы сөйлесті. Өзбекстан басшысы Тұңғыш Президентті туған күнімен құттықтап, халық мүддесі жолындағы қызметіне жаңа жетістіктер тіледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы стратегиялық қатынастардың негізін қалаушы ретінде үлкен құрметке ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар Елбасы Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Қырғыз басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және көпқырлы мемлекеттік қызметте табыс тіледі.
Тұңғыш Президентті құттықтағандар арасында Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон да бар. Ол Елбасы қажырлы еңбегі мен көрегенділігінің арқасында әлемде абыройлы тұлғаға айналғанын атап, зор денсаулық тіледі. Ал Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің көшбасшысы ғана емес, сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Анкара арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізін қалаушы ретінде зор құрметке ие болғанын айтып, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Құрметті төрағасы ретіндегі айрықша рөліне тоқталды, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық бастамаларының маңыздылығын ерекше атап өтті.