Ақмола облысында сайлауға қариялар мен ересектер ерекше атсалысты
Сайлау комиссиясының өкілдері олардың таңмен таласа өз учаскелеріне асыға келгенін айтады. Жалпы осы күні аймақта 95 әкім сайланады. Бұл – республика бойынша ең көп көрсеткіш. Олардың бірнешеуі ғана кент әкімі болса, қалғандарының барлығы ауылдық округтерді басқарады.
Бұл – облыс орталығынан 30 шақырым жердегі Зеренді ауданының Еленовка ауылы. Елді мекенде 700-ден астам халық тұрады. Олар бүгін Бұлақ ауылдық округінің әкімін сайламақ. Ал аталған лауазымға 3 адам үміткер. Саяси додада жеңетін кандидатқа жергілікті жұртшылықтың өз талап-тілегі бар.
Қаражан Қаметов, Еленовка ауылының тұрғыны:
- Асфальт төсеп, жол саламыз деп жатыр. Енді мынау су құбырлары салынған. Соларды жақсылап жөндеп берсе екен. Жергілікті тұрғын ретінде бір айтатыным, өрт сөндіру көлігі жоқ. От шықса, Көкшетаудан шақырады, ол келгенше жанып та кететін жағдайы бар.
Мардан Әбіл, Еленовка ауылының тұрғыны:
- Енді әкіміміз бізге кішкене жағдай жасасын. Бізде енді жер жоқ. Германияға кеткендер бар. Солардың енді жерлерін бізге берсе екен дейміз. Жер алсақ, кішкене техникаларымыз бар, сонымен айналыссақ деп едік.
Ал ауыл тұрғындарының сайлау учаскесіне әрқайсысын жеке-жеке уақытқа белгілеп қойғандай, біртіндеп келуі көз қуантты. Себебі бұл – санитарлық қауіпсіздік үшін өте маңызды. Соның өзінде түске дейін халықтың жартысы дауыс беріп үлгерген. Ал қоғамдық тыныштықтың сақталуы мен сайлау барысында түрлі заңбұзушылықтарға жол берілмеуін полицейлер қадағалайды.
Ризахмет Жанбеков, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Қазіргі уақытта 400-ден астам сайлау учаскелерінде қызмет атқарып жатыр. Департаменттің ішінде ситуациялық орталық бар. Мынау сайлау бюллетендерін сайлау орнына жеткізу біздің қызметкерлердің арқасында болды.
Жалпы облыста бүгінгі сайлауға 100 мыңнан аса сайлаушы атсалысты. Ал саяси науқанға 300-ден астам кандидат қатысып отыр. Олардың 210-ы өзін-өзі ұсынғандар болса, қалғандары – саяси партиялардан. Үміткерлердің 33% – әйелдер.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко