Хабар телеарнасы

Ақмола облысында үш мектептің құрылысы тоқтап тұр

Ақмола облысында үш жыл бұрын басталған үш мектептің құрылысы тоқтап тұр. Бұланды ауылындағы 80 орындық білім ошағы өткен жылдың тамызында тапсырылуы тиіс еді. Алайда мектеп жартылай ғана салынған. Қашан аяқталары белгісіз. Ауыл балалары бірнеше жылдан бері орман шаруашылығы ғимаратында оқуға мәжбүр. Дәл осы мердігер 2021 жылы өңірдегі Жаңажол және Петровка ауылдарында мектеп құрылысын бастаған. Бірақ нысандар уақытында тапсырылмады. Қазір жергілікті билік мердігерді сотқа беріп, келісімшартты бұзуға ниетті. 

Мәдина Сәдуақасова, Бұланды ауылының тұрғыны:
-Бізде жағдай қиын. Мектеп міне бесінші жыл болды, салынбай жатыр. Менде екі бала мына конторда ГНПП «Бурабай»-да бітірді. Енді тағы үшінші ұлым бар, енді қайда баратынымызды білмейміз. Жағдай жасалмаған, әжетхана жоқ. Балаларға тамақ ішетін асхана жоқ. 

Нияз Байғожин, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Осы үш мектеп құрылысының созылуына 2021 жылы материалдар бағасының қымбаттауы себеп болды. Бірқатар жобаларды қайтадан қарастарып, құнын өсірген едік. Алайда нарықтағы бағаға сай өзгертілді. Алдағы уақытта жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.