Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесін өткізді
Жиында еліміздегі мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру жан-жақты қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту бойынша жобаларды дер кезінде жүзеге асыру қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта инвесторларды қолдауға байланысты атқарылатын жоспарларымен бөлісті.
Мұнай-газ секторы қай кезде де экономикамыздың қозғаушы күші бола береді. Бірақ қара алтынға баймыз деп мақтанып қоя салу аз. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұның әлеуетін мейлінше тиімді пайдалану керек», - деді. Шетелдік инвесторлар кеңесі мен Үкімет мүшелерінің алдына бірқатар міндеттер қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту бойынша жобаларды дер кезінде жүзеге асыру маңызды. Осыған байланысты Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның құрылыс жұмыстары 20% кешігіп жатқаны алаңдатады. Үкімет жоба операторымен бірлесе отырып, жұмыстарды аяқтау мерзімін кешіктірмеуді тапсырамын.
Қашағанның келешегі де сөз болды. Мұнай өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельден асыру үшін жұмыстың үшінші кезеңін жүзеге асыру қажет. Ол үшін нақты жоспар түзген жөн. Президент инвестиция салудың жаңа тетіктерін жетілдіру жайлы да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл құжат инвестициялық преференцияларға кепілдік бере отырып, олардың құқықтық қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Үкіметке жылдың соңына дейін заңнамалық нормаларды қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ қазір жер қойнауын геологиялық барлау және өндіру жұмыстарына кепілдік беретін келісім әзірленіп жатыр.
Біздің елде қазір «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Ведомствоаралық фронт-офис құру туралы келісім жасалды. Фронт-офисті энергетика министрі басқарады. Құрамына салалық министрлердің орынбасарлары кіреді. Бұл құрылым мемлекеттік органдарға келіп түскен инвесторлардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беруге көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы мұнай-газ кен орындарында газ өңдеу қуатын арттырудың маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысының дер кезінде басталғаны маңызды оқиға болды. Үкімет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, жаңа газ өндіру жобалары үшін жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алатын бағаның ынталандыру формуласын жасады. Сондықтан сіздерді тауарлық газ өндірісін ұлғайту жөніндегі жобаларға атсалысуға шақырамын. Мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беру қажет.
Егер инвесторларға қатысты даулы мәселелер туындай қалса, шетелдік платформалармен қатар Астана халықаралық қаржы орталығының арбитражды сотын да пайдалануға болады. Президент әлеуетті топпен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыруға, сол арқылы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүдделі екенін жеткізді.