Қ. Тоқаев көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты
Осылайша, Қазақстан бірте-бірте энергияның баламалы көзіне көшуді жоспарлап отыр. Елордада Мемлекет басшысы мен шетелдік сарапшылардың қатысуымен Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу мәселесі талқыланды. Аталған келісім жаһан жұртын климаттың өзгеруіне қарсы күресуге үндейді. Қол қойған елдердің ішінде Қазақстан да бар. Осы құжаттың негізінде еліміз 2060 жылға дейін көміртегіден бейтарап ел болуды мақсат етіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдағы он жыл ішінде жаңартылған энергия көздерін 15%-ке жеткіземіз», – деді. Қазақстанның жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамыту үшін зор әлеуеті бар. Жиында Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі доктринасының жобасы таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жоба бойынша 2050 жылға қарай барлық көмір электр станциялары қолданыстан шығарылады. 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесі елдің жалпы энергия балансының 80%-тен асады. Қазақстанның барша азаматтарының атынан климаттың өзгеруіне қарсы күреске деген біздің берік ұстанымымызды Париж келісіміне сәйкес барынша батыл, мақсатты іс-қимыл жасауға деген ниетімізді растағым келеді.
Президент Орталық Азия өңіріндегі климаттың жедел жылынып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осының салдарынан 2030 жылға қарай еліміздегі бидайдың шығымы 40%-ке дейін төмендеуі мүмкін. Президент көтерген тағы бір мәселе – көрші елдерден келетін трансшекаралық өзендердің проблемасы. Бүгінде шектес елдерден келетін су көлемінің азаюы байқалады. «Бұл су теңгерімінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін», – деді Президент. Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдарды бұл істе қолдау көрсетуге шақырды.