Елбасы Абу-Дабидің тақ мұрагеріне «Назарбаев сыйлығын» табыстады
Абу-Дабиде болған кездесуде тараптар бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Біріккен Араб Әмірліктерімен байланыс бекем. Әрі бұл байланыстың бастауында бауырластық пен сенім жатыр. Сенімді серіктестікке серпін берген, ынтымақты ырысты етуге үлес қосқан Елбасының еңбегі зор. Сондықтан да болар Нұрсұлтан Назарбаевты Әмірліктер үнемі жылы қарсы алады. Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесу кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарға жоғары баға берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Құрметті бауырым, жыл сайын келген сайын сіз маған көңіл бөлесіз. Мен әр уақытта Сіздің жаныңыздамын. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесін, саяси партияны басқарамын, халықаралық ұйымдардың көпшілігі мені құрметті төраға етіп сайлады. Бұл жолғы келген себебім – Араб Әмірліктерінің 50 жылдық мерейтойымен құттықтау. Елу жылдың ішінде ғаламат табысқа жеттіңіз. Көп жұмыс істеп жатырсыз. Әмірліктердің дүниежүзіндегі дәрежесін көтердіңіз. Қаншама гуманитарлық көмек көрсетіп жатырсыз. Еліңіз жайнай берсін!
Өзара экономикалық байланыстың бір нәтижесі ретінде ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы үкіметаралық келісімді айтуға болады. Бұл құжатқа Премьер-министр Асқар Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары кезінде қол қойылды. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесу кезінде Елбасы осы сапардың маңызына жеке тоқталды.
Келісімге сәйкес, энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды жүзеге асыруға 6 млрд доллардан астам инвестиция жұмсалады.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян, Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары:
- Жоғары Мәртебелі, Сізге көп рақмет! Сіздің Абу-Дабиге келуіңіз, біздің ортамызда болуыңыз – біз үшін үлкен мәртебе. Сіз келген сайын қуанамыз, әр кездесу сайын сізден көп нәрсе үйренеміз. Сіздің тәжірибеңіз өте бай.
6 млрд долларлық келісімді іске асырудағы Қазақстанның негізгі әріптесі – Абу-Даби ADQ егемен қоры. Мәселен, «Самұрық-Қазына» Әмірліктердің егемен қорымен стратегиялық ынтымақтастық орнатып, энергетика холдингін құрмақшы.
Қазақстанда күн, жел және су электр станцияларын салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Ахмед Әли Әл-Сайех, «Abu Dhabi Global Market» директорлар кеңесінің төрағасы:
- Екі ел арасындағы келісімдер өзара ынтымақтастықтың тамыры тереңде жатқанын айғақтайды. Алдағы 5 жыл уақыттың ішінде біз сауда мен инвестициялық қарым-қатынастың, экономикалық байланыстың нақты нәтижесін көреміз деп ойлаймын.
2005-2020 жылдар аралығындағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен 2,4 млрд доллар инвестиция тартылған. Пандемияға қарамастан былтыр да көрсеткіш жаман болған жоқ. Ал биыл жарты жылдың ішіндегі тікелей инвестицияның көлемі 65 млн долларды еңсерді.
Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас сенім, сыйластық, достыққа құрылған. Мемлекеттер арасындағы қатынасты жоғары басшылық арасындағы қарым-қатынас арқылы да көрсетуге болады. Мысалы, осы жылдарда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы БАӘ-ға сапармен 14 рет барған. Сол уақытта екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас әр салада дамыды.
2017 жыл. Сол жылы Абу-Дабидің тақ мұрагері Елбасын «Болашақтың энергиясы» саммитіне арнайы шақырып, құрмет көрсеткен болатын. Араға бір салып шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Әр кездесудің маңызы зор. Оның үстіне тараптар әлсін-әлсін телефон арқылы хабарласып тұрады.
Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагеріне «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырды.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Эфиопия пен Эритрея арасындағы қақтығысты реттеуге өз үлесін қосты. 2019 жылы Әл-Азхардың Бас имамы Ахмат ат-Тайеб пен Рим папасы Франциск кездескені белгілі. Тарихи кездесуге Абу-Даби тақ мұрагері мұрындық болды.
Біріккен Араб Әмірліктері өзге елдердің экономикалық дамуына үнемі қолдау көрсетеді. Былтыр сырт мемлекеттерге жұмсаған инвестиция көлемі 902 млрд доллардан асты.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян, Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары:
- Шын жүрегімнен сізге рақмет айтамын. Сіз мен үшін үлкен ағам не әкем сияқтысыз. Сізден көп нәрсе үйрендім. Мұндай сыйлықты сіздей тұлғадан алу – мен үшін үлкен мәртебе.
«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» 2016 жылы бекітілді. Әрине, әлемде сыйлықтың сан түрі бар. Бірақ жаһандағы тыныштық үшін табысталатын сыйлық – солардың ең ізгісі.
Бұған дейін Иордания Королі ІІ Абдалла, МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо осы сыйлықпен марапатталды.
Ерлан Мәдиев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Бұл сыйлықтың маңыздылығы өте жоғары. Өйткені қазір геосаяси жағдай күннен күнге ушығып бара жатыр. Соның ішінде әлемнің басты державаларының арасындағы стратегиялық қару саласындағы текетірес пен бәсекелестік күннен күнге осы жағдайда бұл сияқты бастамалардың маңызы өте жоғары.
Парсы шығанағындағы мемлекет Қазақстанның әр бастамасын қуаттайды. Біраз мәселеге қатысты көзқарас та, ұстаным да бірдей. Елбасының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпы декларациясын Әмірліктер қолдайды. Оның үстіне кезінде Қазақстанда МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін құру жобасына 10 млн доллар бөлді. Тәуелсіздік алғалы Біріккен Араб Әмірліктерімен тығыз қарым-қатынас орнады. Бұл байланыс одан әрі беки бермек.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков