Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Президенттің пайымынша, оның бұл сапары Парламентаралық одақпен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін бермек. Парламентаралық одақ – тарихы терең халықаралық ұйымдардың бірі. Түрлі мемлекеттер арасындағы парламентаралық байланыстарды бекемдеу тұрғысынан маңызды ұйым саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев Дуарте Пашекоға елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Сондай-ақ оны 2022 жылдың қыркүйек айында өтетін Әлемдік діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысуға шақырды. Ал Португалия парламентариі Мемлекет басшысына Парламентаралық одақты дамытудың жөн-жоспары туралы айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Парламентаралық одақ парламентаралық байланыстарды дамыту ісінде маңызды әрі жетекші ұйым саналады. Сіздің сапарыңыз парламенттік дипломатияны кеңейту тұрғысынан саяси маңызға ие. Біз аталған Одақпен өзара тығыз қарым-қатынастарды дамытуға баса мән береміз және осы маңызды ұйымның төрағасы лауазымындағы Сіздің миссияңызды қолдаймыз.
Дуарте Пашеко, Парламентаралық одақтың президенті:
- Өзіңізге мәлім, Парламентаралық одақ – 179 мүшесі бар жаһандық ұйым. БҰҰ деңгейіне жету үшін бізге небәрі 14 мемлекет жетіспейді. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Парламентаралық одақ диалог пен бейбітшілікті құруға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алды. Сондай-ақ сіздерді еліңіздің символдық датасы – Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтағым келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан елдер мен халықтар арасында диалог орнатып, басқа мемлекеттерге үлгі көрсетті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Ол Президентке 11 ай ішіндегі елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы есеп берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар және халыққа вакцина салу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев бас шаһардың әкіміне жылумен қамту, әлеуметтік тұрғын үйлер мен нысандардың құрылысы сияқты салалар бойынша қордаланған мәселелерді шешуді, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды.