Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге сапары басталды
Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Твиттердегі парақшасында жазды. Ертең Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер көшбасшыларының бейресми саммитіне қатысады. Биыл ТМД-ның құрылғанына 30 жыл толды. 1991 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ның қағидаттары және мақсаттары бекітілген маңызды құжат - Декларацияға қол қойылды. Сол декларация негізін қалаған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы қазіргі таңда мүше елдерді етене жақындата түскен бірегей алаң ғана емес, саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстарды сақтап қалуға, нығайтуға зор ықпал еткен халықаралық деңгейдегі беделді ұйым саналады. Алмағайып заманда құрылып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген ТМД-ның әлеуетін одан әрі арттырып, халықаралық аренадағы орнын белгілеуде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегі зор. Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты ертең болатын саммитке арнайы шақырғаны белгілі.