Қ. Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен барды
Келіссөздер барысында қос ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуы талқыланды. Құрметті мейманын қарсы алған Ресей Президенті қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет амандықта кездескеніне қуанышын жеткізді. Қазақстанның ахуалды жедел өз уысына алғанын, қалпына келтіру бойынша бірқатар істің атқарылып жатқанынан хабардар екенін де айтты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті
- Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген дүниенің бәрін қалпына келтіру үшін әлі талай күш керек. Дегенмен сіздің жігеріңіздің арқасында Қазақстан қазір өз аяғында нық тұр, көшбасшылығыңыздың арқасында белсенді дамып келе жатыр. Бұған дейінгідей Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының әлеуетін қолданамыз деген сенімдемін. Әрине, ең алдымен, экономикалық тұрғыдан ынтымақтастығымыздың нығайғанын қалаймыз. Ресей Қазақстанның ең ірі серіктесі болғаны бізді қуантады. Былтыр қос ел арасындағы алыс-берісі 34% артқан. Бұл шамамен, 26 млрд доллардан асады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдымен Мәскеуге шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Бұл – Жаңа жылдан кейінгі Ресейге алғашқы сапарым. Өкінішке қарай, елімізде қайғылы оқиғалалар болды. Шын мәнінде, бұл мұқият дайындалған халықаралық лаңкестердің операциясы болғаны анық. Елдігімізге нұқсан келтіру және мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатында Қазақстанға жасалған шабуыл болды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, алғашқы нәтижелері де белгілі. Ел басына күн туғанда Қазақстанның өтінішін жерге қалдырмай, іскерлік қарым-қатынасыңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіргім келеді.
Биылға Қазақстан мен Ресей бірлесе өткізетін бірқатар маңызды іс-шара белгіленген. Ғарыш, энергетика, машина құрастыру сияқты салаларда ауқымды жобаларды бірлесе іске асыру көзделген. Қос мемлекеттің басшылары бұл жобалар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септеседі деген сенім білдірді.