Елімізге мемлекеттік сапармен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келді
Мәртебелі қонақты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында қарсы алды. Бұдан кейін Ақордада екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты талқылады. Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салалары мен трансшекаралық өзендер мәселесі төңірегінде пікір алмасты. Келіссөзден соң екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Президент:«Бұл қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді», — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Си Цзиньпинді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыз тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
-Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы, серіктесі болды және солай бола бермек. Біз екі ел арасындағы қарым-қатынасты серпінді дамытып, Қытай дипломатиясында теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгін Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жаңа тарихи бастау алды.