Хабар телеарнасы

Ресейлік депутаттың мәлімдемесіне Асқар Шәкіров пікір білдірді

Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Олег Матвейчевтің Қазақстанда биологиялық қару жасауға бағытталған зертхана жұмыс істейді деген мәлімдемесіне қатысты Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Асқар Шәкіров пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды әрі ресейлік әріптесі бұған дейін де елімізге қатысты қисынсыз ой-тұжырымдарымен көзге түскен болатын. Сенатор: «Жалпы мұндай мәлімдемелер оларға абырой әкелмейді, әрі екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін»,дейді.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- Бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының референттік зертханасы халықаралық деңгейдегі жалғыз нысан. Оның мақсаты – биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету, ғылыми негіздерді әзірлеу және қолданысқа енгізу, аса қауіпті инфекциялардың тәуекелдерін бағалау, оларды алдын алу. Аталған лаборатория ел бюджетінен қаржыландырылады және мемлекеттің тікелей бақылауында.