Ресейдегі Орск су бөгеті қайта жарылды
Қазақстандағы тасқын апатын көрші Ресейдегі жағдай ушықтырып жібере ме деген қауіп бар. Ресейдің бізбен шекаралас Орынбор облысындағы Ор су бөгеті сенбі күні кешке қайта жарылды. Салдарынан қаланың тағы бірнеше ауданын су басты. Билік өкілдері жергілікті тұрғындарды шұғыл түрде көшуге шақырды. Қалаға өзге өңірлерден құтқарушылар жіберіп, эвакуация жалғасып жатыр.
Бірінші рет су бөгеті жұма күні кешке жарылған еді. Ор қаласы арқылы ағатын Жайық өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, Ириклин су қоймасынан рекордты көлемді су ағызуға тура келді. 2010 жылы салынған бөгеттің шамасы 5,5 метрге төтей алатын. Алайда су деңгейі 9,5 метрден асты. Қаладағы үш ауданның екеуін су басты. Халық саны бойынша Орынбор облсыныдағы екінші ірі қала Ор шаһарында 190 мың адам тұрады.
Александр Ситников, Орынбор облысындағы ТЖМ басқармасының баспасөз хатшысы:
-Тұрғындарды қайықтар және 50 адам сиятын транспортерлермен көшіртіп жатырмыз. Халықты нұсқауымызға құлақ асып, қауіпті аумақтан кетуге шақырып отырмыз. Өйткені су көтеріле береді.
Құтқару жұмыстарына 600 маман және 160 арнайы техника жұмылдырылған. Арасында суда жүзетіндері бар. Ең алдымен балаларды және өз бетімен жүре алмайтын азаматтарды шығарып жатыр.
Александр Поповкин, құтқарушы:
-Мүмкіндігінше балаларды жұбатуға тырысамыз. «Осылай қайықпен келесі рет қашан жүзе аласыңдар?»,— дейміз.
Адамдарды өзеннің биік жағасында тұрған Жаңа қалада тұратын туыстарына және мектептерде ашылған уақытша баспаналарға жеткізіп жүр. Ескі қалада электр қуаты ажыратылды. 4 мыңнан аса үйді су басты. Қала әкімі 1,5 аптада су тұратынын ескертті.
Төтенше жағдайлар министрлігі апат салдарын жоюға кірісті. Бұл жұмысқа ондаған жүк көлігі жұмылдырылған.
Су тасқынына Орынбор да зардап шекті. Қала әкімшілігі бірнеше аудан тұрғындарын көшуге шақырды. Кейбір мәлімет бойынша, бұл өңірде соңғы 100 жылда болған ең жойқын тасқын болуы мүмкін. Ресей тергеу комитеті «қауіпсіздік ережелерін бұзу» және «салғырттық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыс прокуратурасының мәлімдеуінше, су бөгетінің жарылуына оны тиісті техникалық жағдайда ұстауға уақытылы шара қабылдамағаны себеп болды. Жалпы қазір Ресейдің 36 аймағында су тасып жатыр.
Авторлары: Бекболат Тұрмаханов