«Байтақ» жасылдар партиясы студент жастармен және экобелсенділермен кездесті
Жүздесу аясында саяси құрылымның негізгі тұғырнамасы түсіндірілді. Қоршаған орта проблемаларын жиі көтеріп жүрген жастар қоғамда экологиялық мәдениет пен сауаттылықты қалыптастыру керектігі жайлы айтты. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды жинап-сұрыптау мен қоқыс полигондарының жұмысын ретке келтіру бойынша әңгімелесті. Ұсыныстарымен бөлісті. Мамандардың айтуынша, қазір елімізде 13 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Олардың тек 500-ге жуығы ғана стандарттарға сай келеді. Кездесу аясындағы үздік жобалар мен шешімдер болашақта партия жұмысының жоспарына енгізілетін болады.
Мирас Аббасов, «Байтақ» жасылдар партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы:
- Жастардың белсенділігі қуантады. Олар халықты ауыз сумен қамту, тіршілік нәрін үнемдеу және жануарларды қорғауға қатысты мәселелерге бей-жай қарап отырған жоқ. Тұрмыстық қалдықтарға қатысты да салмақты ой-пікірлері бар. Бір сөзбен айтқанда, жастар тарапынан ұтымды ұсыныстар көп.