Ажар Ғиният: Дәрігер қылмыскер емес
Елімізде жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ден астам қылмыстық іс қозғалады. Зерттеу барысында олардың көбі өлім қаупі жоғары медициналық салаларда кездесетіні анықталған. Яғни акушер-гинеколог, хирург, травматолог пен анестезиолог секілді мамандар тәуекелі күшті операциялар кезінде адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға тап болады. Мәжілісте медицина саласындағы мәселелер бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау министрі осындай дерек келтірді. Ажар Ғиният заң жобасындағы пациенттің өлімі үшін медицина қызметкерін бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен алмастыруды ұсынды. «Себебі дәрігер–қылмыскер емес. Әрі әлемдік тәжірбиеде мұндай жағдайларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған»,–деді министр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл Заң жобасы бойынша медициналық қызметкерлердің медициналық көмек көрсету кезінде өзінің пиғылымен емес немесе немқұрайлығымен емес, пациенттің өміріне қауіп төнсе немесе денсаулығы кемісе, сол жағдайлар қаралатын болады. Ал енді немқұрайлық немесе медициналық қызметті көрсетпеу секілді нормалар Қылмыстық кодексте қалды.