Түркияда дәрігерлерге қойылатын талап өте жоғары
Жыл сайын қазанның бірінші дүйсенбісінде көптеген елде Халықаралық дәрігер күні аталып өтеді. Бұл күн дүниежүзі дәрігерлерінің ынтымақтастығын дәріптеген дата іспеттес. Ақ халаттыларға қойылатын талап та жоғары. Мәселен, Түркияда соның арқасында медицина қарқынды дамыды.
Түркияда ауруханалар мен клиникалардың көбі халықаралық талапқа сай тіркелген. Бұл ел әсіресе трансплантология, косметикалық хирургия, ортопедия, онкология және көз хирургиясы сияқты салаларда жоғары жетістікке жеткен. Десек те 2000-шы жылдардың басына дейін Түркияда денсаулық сақтау саласы көңіл көншітпейтін. 2003 жылы «Денсаулық сақтау саласын түрлендіру» бағдарламасы іске қосылды. Бірінші кезеңде ауруханалар инфрақұрылымы жаңартылды. Жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл отандық медициналық өнімдердің дамуына алып келді. Кейінгі онжылдықта жаңа кешендердің құрылысы басталды.
Түрік медицинасына үлес қосып жүрген отандастарымыз да аз емес. Солардың бірі Әлімжан Баймұрат. Осы салада 20 жылдан астам қызмет етіп жүрген қазақ жігіті Гази университетіндегі ортопедия-травматология кафедрасында оқытушы. Туа біткен сүйек аурулары, омыртқа, сүйек деформациялары сияқты күрделі операция жасайтын маман.
Әлімжан Баймұрат, Гази университетінің дәрігері, ортопед:
- Медицина саласын дамыту үшін бірінші білім беру жүйесін дамыту керек. Әрине, Қазақстанда білім беру жүйесі жаман деп айта алмаймын. Жақсы, бірақ дамыту керек. Қалай дамыта алады? Менің ойымша, шетелдегі мамандармен бірге жұмыс істеп, халықаралық деңгейде болу үшін шетелдік мамандармен тығыз байланыста болу керек. Мамандарды жетілдіру де өте маңызды. Соңғы кезде мамандарды жетілдіру саласы дамып жатыр. Бірақ мұны одан әрі арттыру керек. Бәрі әрине экономикаға, экономикалық қолдауға байланысты. Бастысы, талап күшті болуы тиіс.